Президент: Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін экономикалық одақ аясында саралау керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін экономикалық одақ аясында саралау керек

19.06.2022

Қазақтың байырғы тұрмыс-тіршілігінде «қашаған қуу» деген ұғым болған. Немесе «асауға құрық салу» деп аталған. Жылқышылар мойнына құрық салдырмайтын қашағанды ұстау үшін жөнсіз шаба бермей, ақыл мен айлаға салады екен. «Алыстан сермеп, қиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған». Абайдың «Сегіз аяғы»-ндағы осы жолдар естеріңізде шығар?! Ақынның «қашаған қуу» тәсілін келтіре отырып, «қызыл тілдің» қасиеттерін бедерлеп-бейнелеуі де бекер емес қой.

Сыртқы саясатта «қызыл тілдің» осы қырын ұтымды пайдалана отырып, ұстанымды жеткізе білу өте маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербордағы экономикалық форумда сөйлеген сөзін, дәлірек айтқанда форум жүргізушісінің сауалдарына берген жауабын көптің бөліскені, сол сөздері арқылы көкейдегі көп дүниенің үстінен дөп басқаны рас. Қазақстан БҰҰ жарғысын берік ұстанады. Президент бұған дейін де Қазақстан ұстанымын жеткізген, бірақ саяси сахнада Путиннің жанында оытрып айтуы – алғаш рет. Луганск пен Донецкке қатысты пікірін президент былай деп түйіндеді: ««Егер ұлттарға таңдау құқығы берілсе, онда жер шарында 500-дей мемлекет құрылар еді. Бұл бейберекеттік тудырады. Сол себепті біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск пен Донецкке қатысты да ұстанамыз».

Президент «қоғамымыз ашық, азаматтық қоғамның есейгені де көрініп тұр», - деді. Иә, есті қоғамда азаматтар санасын улайтын пікірлерге ермейді. Әр елдің өз мүддесі бар екенін де есті қоғам түсінеді. Соңғы кездері Қазақстанға қатысты қисынсыз пікір білдіретін журналистер, мәдениет қайраткерлеріне де президент жауап қайтарды. Аттары аталмаса да, бұл тізімге осы форумды жүргізген Симоньянның да күйеуі кіретінін есті қоғам сезіп отыр. Тоқаев мұндай мәлімдемелер екі елдің арасына сызат түсіретінін, бірінші кезекте Ресейдің өзіне зиян тигізетінін айтты. «Осынау пікірлердің бар екені мен үшін түсініксіз. Кімнің диірменіне су құйып жүр демекші, аталған қайраткерлер біртүрлі әдістермен Қазақстан басшылығының шешіміне, немесе елімізде болып жатқан оқиғаларға қатысты болсын пікір білдіреді», - деді президент.
Қазіргі уақытта күшке ғана сүйеніп, саясат жүргізу мүмкін емес екенін де жеткізді. Қысқасы, президенттің Петербордағы сөздерінен астын сызып тұрып жазатын, цитата қылатындай дүние көп. Асима Нұрбайқызы толықтырсын.

"Әбігер көршің - бәрібір көршің". Иә, геосаяси ахуал ушығып тұр. Әр елдің қадамы әлем назарында. Бірақ амалын тапсаң, алынбайтын қамал жоқ. Ресеймен алыс-беріс, барыс-келіске ғасырлар куә. Саяси, басқа да ұстанымдарда әркелкілік болуы мүмкін. Бірақ Қазақстан бірінші кезекте өз мүддесін ойлауы тиіс. Экономикалық жағынан тиімді жолдарды қарастырған жөн. БҰҰ-ң жарғысын, халықаралық ережелерді сақтай отырып... Сондықтан еліміз Луганск пен Донецкке қатысты әу бастағы ұстанған принципінен айныған емес. Путиннің жанында отырып та Тоқаев соны тағы бір нақтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Турасын айтайын, бұл мәселеге қатысты бізде түрлі пікір бар. БҰҰ-ның ұстанымы да бір-біріне қарама-қайшы. Ал ұлт өкілдеріне таңдау құқығы берілсе, онда жер шарында 193 мемлекеттің орнына 500-600 мемлекет құрылар еді. Бұл бейберекетсіздікке әкеледі. Сол себептен біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, бұл принцип біздің көзқарасымызша квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск пен Донецкке де қатысты. Сіздің ашық сұрағыңызға ашып айтарым осы.

Жалпы, Ресей мен Украина арасындағы ахуалға бүкіл әлем алаң. Экономикалық форум болса да саяси мәселе қайта-қайта көтерілді. Қазақ басшысына осы тақырыпқа қатысты модератор қайта қайта сұрақ қойды. Тоқаев тосылмады. Украинаның Еуродақ құрамына кіру туралы бастамасына қатысты ойын да ашық айтты. Керісінше, олардың қалауы осы болса, көмектесу керек деді. Осындай геосаяси жағдайлардың ушығуына байланысты әлем үлкен дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Бірақ, кейбір елдер кедергілерді кемелденудің басы деп біледі. Оны Президент Қытай таңбаларымен түсіндіріп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дағдарыс сөзі Қытайда екі таңбадан тұрады. Оның жазылуы да әлі есімде. Біріншісі қауіп дегенді білдірсе, екіншісі мүмкіндік. Сондықтан, түсінген адамға әр дағдарыс салқынын да тигізеді, жақсылыққа да жол ашады. Біз де осы бағытты ұстануымыз керек деп ойлаймын.
Біз екі алыптың ортасында отырмыз. Бірі осы Ресей болса, екіншісі Қытай. Екеуімен де байланыс тең. Қос көршімен қарым-қатынас артпаса кемімейді. Қазақстан Қытаймен көпжақты байланысты тереңдету түсуге мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қытай – Қазақстанның экономика және сыртқы сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл ел соңғы 15 жылдың ішінде экономикамызға 22 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Күш біріктіре отырып, серпінді инновациялық-технологиялық жобалар топтамасын жасау, үздіксіз көлік-логистика жүйесін құру, түптеп келгенде, елдеріміздің экономикасының өсімі үшін жаңа мүмкіндік туғызу перспективті болады деп ойлаймын.
Әрі одақтас елдерге де осыны ұсынды. Еуразиялық экономикалық одақ әлеуетін пайдаланып, басқа елдердің нарығына шығу керек. Жаңа мүмкіндіктердің жолын осылай көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тиімділігі күмәнді контрсанкцияның орнына Азия мен Таяу Шығыс нарығын тұтас қамтитын белсенді әрі оңтайлы сауда саясатын жүргізген жөн. Қазақстан «буферлік нарық» қызметін атқарар еді. Жалпы, Еуразиялық интеграцияның түбегейлі жетістікке жетуі біздің бірлескен сауда стратегиямыздың тиімділігіне байланысты.
Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаевты форумға Владимир Путин ақпан айында шақырған болатын. Яғни Украинадағы әскери шиеленістерге дейін қабылданған шешім. Ал қазақстандықтық делегация форумда бірқатар түйткілді шешіп қалуға тырысып жүргені байқалады.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

Бұл жерде біздің ең негізгі мәселеміз қаржы нарығындағы көптеген құралдарды, инструменттерді біздің нарыққа тарту. Біздің қаржы нарығы қомақты емес. Ал Ресейің нарығы немесе басқа да шеттегі нарықтарды біздің экономикамызға инвестиция тарту керек.
Қазіргі ортақ проблема - логистика. Тауар жеткізу жағы қиындап тұрғаны белгілі.

Бақыт Сұлтанов, Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

Ресей әріптестерімізбен мына логистика туралы да талқылау жасап жатырмыз. Олар біз арқылы Қытайға өту бұрынғыдай қызықтырып отыр. Өйткені мына Қытаймен қарым-қатынас жылдан жылға көтеріліп келе жатыр. Және де мына оңтүстік, солтүстікке дейін жіберетін, Каспий арқылы өтетін жаңағы коридорда талқылап жатырмыз.

Иа қазір алпауыттар арасында текетірес күшейіп келеді. Әлемге астықсыз аштық төніп тұр. Онсыз да млндаған адам бір үзім нанға зәру. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шұғыл шешпесе болмайды. Ол үшін әуелі ысыраптан арылу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін ұлттық деңгейде де, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да саралау керек. Осы ретте Одаққа мүше елдердің мүдделері ескерілуі тиіс. Келісіп жұмыс істемесе, бұл аса маңызды саладағы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу қиындай түседі. Яғни, шектен тыс инфляцияға, азық-түлік тапшылығына қарсы күрес – баршамызға ортақ міндет.

Тағы бір қауіп – экология. Жаһандық климат өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары жауын шашын аз. Осының өзі көп дүниені аңғартады. Қуаңшылық зардабы оңай болмады. Оның үстіне Жайықтың жайы жанға батып тұр. Өзен күн санап құрғап, таяз тартып келеді. Суын екі ел қатар көріп отыр. Демек, проблемасын да қатар шешу керек. Бұл ұзақмерзімді шаруа. Сондықтан түйткілді шешуде біріккен жөн. Ол үшін Тоқаев «жасыл» инвестицияларды көбейтуді ұсынды. Ал Путин Қазақстанның көп бастамасына қызығып отыр. Кейбірінен үлгі алатынын жасырмады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

IT - технологиялар саласында көптеген маман Ресейден Қазақстанға қуана барады. Олар сонда жұмыс істеп жатыр. Өйткені жақсы жағдай жасалған. Біз осы тұрғыдан Қазақстаннан үлгі алатын боламыз.

Жалпы, Ресей мен Қазақстан арасында қарым қатынас өзара достыққа негізделген. Бірақ арандатушылар аз емес. Қисынсыз әңгіме көп. Ресейдегі кейбір сала өкілдері көк езу сөзге әуес. Президент жиында орайын келтіріп, осындай орынсыз пікірлерге тоқтау салуды талап етті. Дипломатия тілімен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мүмкін орынсыз шығар, дегенмен, бірқатар ресейлік депутаттардың пікірлеріне қарсылығымды білдіргім келеді. Қазақстанға қатысты мүлдем қисынсыз әңгіме айтып жүр. Олардың қатарында журналистер мен мәдениет қайраткерлері де бар. Өзге мемлекеттерге, әсіресе менің елім Қазақстанға қатысты ұстанымын жеткілікті түрде білдірген Владимир Путинге ризашылығымды білдіремін. Ал шын мәнісінде көпіртіп айтатындан ешқандай мәселе жоқ. Алауыздықтың соңы екі елдің халқы арасына және Ресейдің өзіне зиянын тигізеді.

Осылардың ішінде форум модераторы Маргарита Симоньянның күйеуі де бар. Қазақстанға қатысты қаңқу қысыр сөзге әуес. Оны журналист біліп те отыр.
Тоқаевтың жауаптарына таңданысын жасыра алмады ол. Ашық, сауатты мәлімдемесі үшін отырыс соңында алғыс білдірді. Ал қоғам Президент сөзін қызу талқылап жатыр. Сарапшылар да Тоқаев қиыннан қиыстырып, қисынын тауып айтты деп жүр.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу