Елде 550 мыңға тарта тұрғыны бар 1500-ден астам ауыл таза сумен қамтылмаған. Мұндай мәлімет Мәжілісте өтіп жатқан Парламенттік тыңдауда айтылды.
Үкімет мүшелері мен құзырлы орган өкілдері су саласын дамыту мүмкіндіктерін талқылап жатыр.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері су саласындағы проблемаларды шешу үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын басқару бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарлама жүзеге асты. 4700 елді мекен ауызсумен қамтылды. Алайда 1543 ауыл әлі күнге дейін тіршілік нәріне зәру.
Жалпы, су тапшылығы дүниежүзі бойынша үлкен проблема. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әлемдегі әрбір бесінші тұрғын судың тапшылығын көріп отыр.
Халықаралық сарапшылардың айтуынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады. Баяндама жасағандар еліміздің су саласын дамыту үшін бірқатар ұсыныс айтты. Олардың бірі - жаңа су кодексін әзірлеп, Парламент Мәжілісінің қарауына ұсыну. Жалпы, суға қатысты шұғыл әрі біржола шешуді қажет ететін шаруа көп.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы:
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан 2030 жылға дейін суармалы жердің көлемін 3 млн гектарға дейін жеткізуі керек. Алайда суармалы егіншіліктің одан әрі дамуына ирригация жүйелерінің тозуы кедергі келтіріп отыр. Елімізде гидротехникалық құрылғылардың 90 пайызының техникалық жағдайы төмен. Сол себепті тұтынушыға тасымалдау кезінде су шығыны едәуір артты. Сондықтан гидротехникалық құрылғыларды жаңғырту керек.
Баяндама жасағандар суды үнемдеу мәселесіне де ерекше назар аударды. Өйткені, кенезе кеппес үшін ысырапқа жол бермеу керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында суды үнемдейтін технологияны көбейтудің маңызы зор.
Жалпы, бүгін қаралып отырған мәселе көп қырлы. Ол еліміздің ортақ эко жүйесінің бір бөлігі ретінде су ресурстарын сақтау. Су нысандарын тиімді пайдалану және жаңалау, егістік жерлерді сумен қамту, трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау саласындағы халықаралық ынтамақты дамыту.
Парламенттік тыңдауға шақырылған құзырлы орган өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар осы мәселелер бойынша өз пікерлерін ортаға салып, оларды шешу бойынша өз ұсыныстарын жасады.