«Астана балет» театры Қарағандыда өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана балет» театры Қарағандыда өнер көрсетті

06.09.2014
«Астана балет» театры Қарағандыда өнер көрсетті

«Астана балет» хореографиялық ұжымы екікүндік гастрольдік сапармен Қарағандыға келді. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театры сахнасында «Шығыс рапсодиясы» қойылымын кеншілер шаһарындағы өнерсүйер қауымның назарына ұсынды. Қазақ және басқа да шығыс халықтарының билерін балет нұсқасында тамашалаған жұртшылық жоғары баға беріп, ризашылықтарын білдірді.

«Аққулар» биімен ашылған «Шығыс рапсодиясы» қойылымы бірден залдағы көрерменді елжіретіп әкетті. Бұл «Қазақ вальсі», «Қарлығаш», «Қыз Жібек», «Қытай биі», «Жапон биі» сынды 14 туындыдан тұратын ауқымды топтама. Жиналғандар біріншіден, Шығыс халықтарының би өнерін тамашаласа, екіншіден, соның ішіндегі қазақ балет өнерінің де таласқа түсе алатын шоқтығы биік туындыларына көз жеткізді. Ал, дәл осылайша көрермен көңілінен шыға білу үшін хореографиялық ұжым әбден дайындалған.

Айгүл Тәти, «Астана балет» хореографиялық ұжымының бас балетмейстері:

Түп тамыры ұлттық билеріміздің жаңа көзқараспен, жаңа заманның көркемдік бір сұрыптауынан шыққан әсемдіктерін табу үшін хореографтардың тарабынан көптеген ізденіс болды. Бұрынғыдай емес, жаңа ерекшеліктерді табайық,  деген ниетпен көп жұмыс істелінді.

Жиналған қауым қазақ билерінің балеттегі қимыл-қозғалыс әсемдігін көріп шынында да тәнті болды. Бір сағаттан астам уақытқа созылған қойылымды тапжылмай отырып тамашалады. Құрылғанына 2 жыл болғанымен, осындай мол тәжірибені игеріп үлгерген жас ұжым көпшілік ықыласына бөленді.

Мақсұт Жүсіпов, қала тұрғыны:

Астанада үлкен театр ашылғанына бәріміз қуаныштымыз. Мен бүгін концертін көріп қуанып, ұжымға өте жақсы тілегімді білдіремін. Табыс тілеймін.

Айжан Дүйсенбекова, қала тұрғыны:

Өзім биші болғандықтан осы «Астана балет» қойылымына келуім керек деп шештім. Жалпы қойылым ұнады. Тек қана жетістіктерге жете берсін. Басқа елдерде еліміздің атын шығарсын,  деп тілеймін.

Би ұжымы ертең де Қарағандыда өнер көрсетпек. Ал жыл соңына дейін еліміздің басқа да аймақтарымен қатар, гастрольдік сапармен Франция, Австрия, Ресей және Корея елдерін аралап қайтуды жоспарлап отыр.  

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу