Астрахань қаласында қазақ мәдени орталығының жұмысы жанданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астрахань қаласында қазақ мәдени орталығының жұмысы жанданды

15.06.2022

Ресейдің Астрахань қазақтың қос ішекті домбырасына қызығушылық танытатындар көбейген. Тіпті ниет білдірушілерге арналып, сол өңірдегі өнер және мәдениет колледжінде арнайы оқу сыныбы да ашылған. Әрі, қандастар көп шоғырланған өңірдегі іргелі білім ордасында қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттайтын орталық жасақталып, өз жұмысын бастады.

Қазақтың дегдар дәстүрі мен бірегей салт-дәстүрін кеңінен насихаттайтын қоғамдық орталық 31 жыл бұрын Астраханьда ашылды. Бұл осында тұратын 150 мыңнан астам қандасқа айнымас бағдар болды. Бастама кеңінен қанат жайып, бүгінде жаңа деңгейге көтерілген. Енді ұлттық құндылықтан шет қалған жастар үшін техникалық университет жанынан аудитория іске қосылды.

Әлия Ғұмарова, қазақ тілі мұғалімі:
Осы факультативке жастармен қатар, өзінің тілін, дәстүрін білгісі келетін үлкен адамдар, балалар келеді. Соның ішінде шетелдің басқа ұлт өкілдері де оқиды.

Астраханьдағы 15 мектепте қазақ тілі факультативтік пән ретінде оқытылады. Сауат ашу кітаптары әбден тозған. Сол үшін бастауыш сынып балаларына арналып жаңа оқулық әзірленді. Оқулықтар заманға сай әдістерге негізделген. Әрі оларды дайындау үшін білікті мамандар жұмылдырылған.

 «Нағыз қазақ – домбыра» деген ұстанымды мұндағы қандастар жақсы түсінеді. Қызығушылық танытқан жастар өнер колледжінде ұлттық аспапты кәсіби деңгейде меңгеруге көшкен. «Шалқыма» деп аталатын оркестр құрып, домбыраның ғажайып мүмкіндіктерін паш етіп жүр. Талай байқауда жеңімпаз атанып, талғампаз көрерменнің көзайымына айналған. 

Қайрат Қазанбаев, «Шалқыма» оркестрінің мүшесі:
 Біз тек қана қазақтың музыкасын емес, шетелдің де музыксын ойнаймыз. Сосын қазақтың фальклорын да көтеріп жатырмыз. Сұраныс көп, облыстың 15 ауданында әрбір қазақ мектебінде домбыра сыныбы бар.

Домбыра үйренемін деушілер көп болғасын, колледж жанынан арнайы үйірме де ашылыпты. Оған 6 жастан асқан балалар қабылданады.

Алла Смиховская, Ресей Мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері:
Қазір үйірмеге 40 шақты бала үзбей келіп жүр. Оның ішінде өзге ұлттың да балалары бар. Қатысам деушілер әлі де бар. Домбыраны кеңінен насихаттамақпыз. Ол үшін өнер сапарларына шыққалы отырмыз.
Жандос Темірғали, тілші:
Астраханның қақ төрінен орын алған біртуар күйші Құрманғазы Сағырбайұлының еңселі ескерткіші бұл. Күй құдыретін халқының қатпарлы тарихына қашап жазған ерен тұлға осындағы қазақтың рухын асқақтатып тұр. Домбыраға құмартқан қандастарымыз енді осы жерді қазақтың бекзат өнерін насихаттайтын орынға айналдырмақ. Оған ұлттық аспапты кәсіби дәрежеде меңгерген жастар да үлес қосады.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу