Шымкентте 40 мыңнан астам азамат салық төлемеуден жалтарып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 40 мыңнан астам азамат салық төлемеуден жалтарып жүр

13.06.2022

Шымкентте 40 мыңнан астам азамат салық төлемеуден жалтарып жүр. Салдарынан қала қазынасы бір ғана автокөлік салығының өзінен 1 жарым миллиард теңгеден астам кірістен қағылды. Ал, Өскеменде 4 күнде айыппұлын төлемеген 30-дан астам автокөлік тұраққа қойылды. Қордаланған қарыздарды өндіру мақсатында шаһарларда арнайы рейдтік тексерістер басталды.

Шымкент көшелерінде жүйіткіп жүрген автокөліктердің оннан бірі осылай жол полицейлерінің құрығына ілігуде. Полиция департаментінің жедел басқарау орталығы салықтан сытылып кеткісі келгендерді ақпараттық база арқылы бірден анықтап береді.

Аббасхан Сейдахметов, Шымкент қаласы кірістер департаментінің жетекші маманы:

Көлік салығын уақтылы төлемеген, злостный салық төлеушілер бойынша 13 автокөлік айппұл тұрағына қойылды. Жалпы сомма берешегі 16 миллион теңге.

Салықтан жалтарып жүргендердің дені қымбат бағалы автокөлік мінген азаматтар. Мәселен, бір ғана «Тайота Ленд Крузер» көлігінің берешегі 850 мың теңге болса, «Рейнж Ровердің» иесі 787 мың теңге салықты төлемей келген.

Шымкент қаласы бойынша салық департаментінде 265 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Оның 15 пайыздан астамы әлі күнге өткен жылғы салығынан құтылмаған. Осындай 23 мыңнан астам адамның ісі сот орындаушыларына жіберілді. Борышкерлер «Сергек», «Интерга» және «Қорғау» жүйесі арқылы көше бойларында анықталып жатқандықтан айппұл төлемегендер де құрыққа ілініп жатыр.

Қайрат Полатбеков, Шымкент қаласы полиция департаменті жедел басқару орталығының басшысы:

Сәуірден бастап 1 мың 100-ден астам автокөлікті айып тұрағына қойғанбыз. Олар бойынша заңды шара көрілген. Яғни оның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзғандар, іздеуде жүрген, налог төлемегендер бар.

Ал, Өскеменде төрт күндік рейд нәтижесінде айыппұл төлемей жүрген 30 дан астам автокөлік арнайы тұраққа қойылып, 2 мыңға жуық көлік жүргізушісіне ескерту жасалды. Тексеріс кезінде бір жүргізушінің 15 рет жол ережесін бұзғаны анықталды. ВАЗ автокөлігін мінген шетелдік азамат бағдаршамды да елемей, тыйым салынған жерлерде тайраңдап жүрген. Ол осындай жүріспен айналдырған үш күннің ішінде 270 мың теңге айыппұл арқалаған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу