Алматыда шекарашылар өзара сынға түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда шекарашылар өзара сынға түсті

09.06.2022

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметі арнаулы басқармасының жауынгерлері өзара сынға түсті. Кіл мықтылардан жасақталған бөлімшелер экстрималды жағдайда шұғыл әрекет етудің үлгісін көрсетті. Сайыс арнайы әскери қызметкерлер күніне орай ұйымдастырылған.

Сайыстың алғашқы кезеңі: Бұлақ суы жиналған мына көлдің түбінде жасырылған хабарламаны жауынгерлер қысқа уақытта тауып алуы керек. Қару-жарық және басқа да жабдықтарымен айдынға сүнгу оңай шаруа емес. Одан бөлек судың температурасы өте төмен. Әрі жан-жақтан қарша бораған оқ сарбаздардың жұмысын қиындата түседі.

Арнаулы мақсаттағы бөлімшенің жауынгері болу - қиын да қауіпті, әрі жауапты іс. Сондықтан сарбаздарға табандылық және шапшаңдық қажет.

Бұл - таулы аймақтарда қолданылатын әдіс. Аспалы арқан. Екпіні қатты өзеннен өту немесе шатқалдарда шапшаң қимылдау үшін жауынгерлер осылай жаттығады. Әрине, әр сарбазға қойылатын талаптың бірі – қару түрлерін меңгеру. Дәл осы бағытта да жігіттер өз өнерлерін көрсетті.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші: 
Бұл - сұрмергендердің сынға түсетін алаңы. Әскерлер тапанша, автомат және пулеметтан оқ жаудырып жатыр. Нысаналар 50 мен 300 метр қашықтықта орналасқан. Талап бойынша әрқайсысына дәл тигізу керек.

Бірақ бұл тапсырманы қатысушылардың барлығы бірдей жақсы нәтижемен аяқтай алмады. Өйткені кедергі көп.

Атыс алаңында сарбазға желмен қатар мына құлаққаптан шығып тұрған дыбыс та кедергі болады. Бұл жауынгерге психологиялық қысым көрсетіп, оның моральдік тұрғыдан шыңдала түсуі үшін әдейі жасалған. Ең бастысы сарбаз сезімге ерік бермей, нысанаға дәл тигізуі керек.

Бұл сайыс - алда келе жатқан әлемдік додаларға іріктеу. Айта кету керек, Қазақстан халықаралық әскери жарыстарда соңғы жылдары үздік ондықтан көрініп жүр.

Руслан Жанпейісов, ҚР ҰҚК арнаулы мақсаттағы басқармасының бастығы:
Бұл жарыстың негізгі мақсаты - арнайы мақсаттағы бөлімшелерді ауызбіршілікке шақыру. Бір-бірімен қарым-қатынас, тәжірибе алмасу. Ату, тау дайындығы, денешынықтыру сол бағыттардың барлығы бір жарысқа енігізлген.

Бұл - мұндай форматтағы алғашқы сайыс. Әскерлер тапсырмаларды орындау барысында 15 шақырымды жаяу жүгіріп өтті.

Жауынгер:
Әр нүктеде өзіміздің білгенімізді қолданып, сол арқылы өтіп жатырмыз. Психологиялық, моральдық дайындығымыз жақсы. Жарыс болған соң соңына дейін жарысамыз.

Енді мұндай форматтағы жарыстар дәстүрге айналмақ. Мақсат ел қорғаны саналатын сарбаздардың деңгейін барынша көтеру.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу