Алматы облысында 400-ге жуық заңсыз қоқыс алаңдары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 400-ге жуық заңсыз қоқыс алаңдары анықталды

07.06.2022

Алматы облысында 400-ге жуық заңсыз қоқыс алаңдары анықталды. Тұрмыстық қалдықтар бейберекет тасталған орындарды табуға ғарыштық бақылау септігін тигізді. Жер серігінен түсірілген суреттер арнайы бағдарламаға жүктеліп, жаңартылып отырады. Тек Талдықорған қаласы маңынан 40-тан астам осындай заңсыз полигон табылған

Қоқыс полигондарының басым бөлігі Алматы қаласына жақын маңдағы аудандарда анықталды. Мұны мамандар ешқайда шықпай ақ жер серігімен түсірілген суреттерден қарап біліп отырады. Биылдың өзінде 389 нүкте табылып, 59 лауазымды тұлғаға 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Данияр Өмірбеков, Алматы облыстық экология департаментінің Бас маманы:

Ғарыштық түсірілімдер ағымдағы жылдың қараша айына дейін жалғасатындықтан заңсыз қоқыс орындарының саны әлі де көбеюі мүмкін. Осыған сәйкес қазіргі таңда департаментпен тиісті шаралар қабылдануда.

Талдықорғанда да жағдай мәз емес. 40 заңсыз полигон анықталды. Қоқысты арнайы орынға төгуге ерінген тұрғындар мен кәсіпорындар түнгі уақытты пайдаланып, қалдықтарды тау қылып үйіп кетеді.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Қаратал өзенінің оң жағалауындағы мына жерді былтыр ғана тазалап тастаған. Алайда өздеріңіз көріп тұрғандай тағы да қоқыс үйіліп жатыр. Тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын төккендер анықталып, айыппұл арқалап жатса да қоршаған ортаны ластауын тоқтатар емес.

Халық қоқысты төгеді. Оны жинау үшін қала әкімдігі бюджеттен қаржы бөледі. Жылда қайталанатын жағдай. Жергілікті билік қар еріп, қайта қар жауғанша осындай жабайылықпен алысып келеді.

Рамиль Рахымбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің Бас маманы:

Биылғы жылы 15 млн теңге бөлінген. Бірақ конкурс бойынша 8,5 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда 1400 тонна қоқыс шығарылған.

Қала халқының жауапкершілігі оянбай мұндай жағдай жылда қайталана береді дейді, сала мамандары. Ол үшін тиісті заңдарды да қатаңдату қажет деген пікірде.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу