Өңірлердің біразында түс ауа дауыс беру қарқын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлердің біразында түс ауа дауыс беру қарқын алды

05.06.2022

Өңірлердің біразында түс ауа дауыс беру қарқын алды. Халық өз таңдауын жасау үшін учаскелерге ағылуда. Қарапайым тұрғындар мен қоса, елге танымал қайраткерлер де дауыс беруде.

Тұрғындарға шұбат пен бауырсақ ұсынылды

Атыраудағы №7 референдум учаскесі тыңнан түрең салып, тұрғындарды қазақы дәстүрмен қарсы алды. Табалдырықтан аттаған таңдау жасаушыларға шұбат ұсынылып, бауырсақ таратылды. Осылайша саяси науқан ұлттық дәстүрмен өрілді.

Айнагүл Ахметова, №7 референдум учаскесінің төрайымы:

Менің ойымша халықтың жадында референдумды ұлан асыр той ретінде қалыптасыру керек деп ойлаймын.

Олимпиада чемпионы дауыс берді

Ал, Өскемен қаласындағы №2 референдум учаскесіне Жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова келді. Саңлақ спортшы өз таңдауын жасап, саяси науқнанның өзіне зор міндет жүктейтінін жеткізді.

Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:

Әрине, еліміз үшін тарихи оқиға. Себебі бүгінгі саяси науқан еліміздің тарихында жалпыхалықтық референдум 27 жылдан кейін өтіп отыр. Сондықтан мен де өз елімнің патриоты ретінде таңдауымды жасадым.

Тұрғындардың 50 пайыздан астамы өз таңдауын жасап үлгерді

Атырау өңірінде тізімге енген тұрғындардың 50 пайыздан астамы өз таңдауын жасап үлгерді. Олардың қатарында елге белгілі сатирик Көпен Әмірбек те бар.

Көпен Әмірбек, жазушы-сатирик:

Болатын нәрсе болды. Енді біз болмайтын нәрсені болдыруымыз керек. Сол үшін дауыс беріп отырмын мен. Не үшін? Елдің болашағы, не үшін? Осы ұлтымыздың келешегі үшін.

Димаш Құдайбергеннің ұстазы да өз таңдауын жасады

Ақтөбедегі нөмірі 68-інші учаскеде өз таңдауын жасағандар қатарында Қазақстанның мәдениет қайраткері, елімізді әлемге танытып жүрген ұлт мақтанышы Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов те болды. Оның айтуынша, әлем біздің елді талантты ұл-қыздарымыз арқылы таниды. Ал, тұтас халықтың болашағы бәрімізге тікелей байланысты.

Марат Әйтімов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Халықтың оянып, жаңа бір өмірге бетбұрыс жасайтын кезі келген секілді. Менің үмітім, өміріміз жақсаруы тиіс. Өйткені бізде толық жағдай бар.

Жігерлі жас көпшілікті тәнті етті

Әлемді жүзу спортымен бағындырып жүрген атыраулық параспортшы Ержан Сәлімгереевтің референдум учаскесіне баруы – көпшілікті тәнті етті. 5 дүркін әлем кубігін иеленген чемпион – тарихи күнмен астасқан азаматтық ісін жетістікке балайды.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу