Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі

30.08.2014
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады.

Мемлекеттік рәміздер белгілі бір мағына берерлік өзара үйлесімде орналастырылған жанды-жансыз заттардың бейнелерінен құрастырылады.  Мұндай бейнелер үйлесімінен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін-өзі түйсінуі көрініс береді. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі.

Сондықтан да, мемлекет адамдарға Мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді. Олардың түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі Конституцияда немесе Конституциялық заңда белгіленеді және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады.

Көгілдір түсті Туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан Елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа Тәуелсіз мемлекет бейнесін паш етті.

1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік Ту бекітілді. Ал, Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі.

1992 жылы республикамызда әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан Әнұран әнінің авторлары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди.

2006 жылы жаңа Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Халық арасында кең танылған  патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік Әнұранының авторлары – Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Хабарламаларға жазылу