Алматы облысының тұрғыны өзінің Қазақстан азаматы екенін растай алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының тұрғыны өзінің Қазақстан азаматы екенін растай алмай жүр

03.06.2022

Алматы облысының тұрғыны өзінің Қазақстан азаматы екенін растай алмай жүр. 1960 жылы Қытайдан ата жұртқа қоныс аударған оның әлі күнге дейін жеке басын куәландыратын құжаты жоқ. Қағазбастылық пен мекеме арасындағы жүгіріс әбден шаршатты дейді. Тұрғынның жанайқайын әріптесім Қуан Нұрақын тыңдап қайтты.

Жұмыс істеп жатқанда келіп, «құжатың қайда, неғып жүрсің» деп алып кете ма деп содан қысыласың.

Алтай Атажанов 98-ші жылға дейін кеңестік қызыл паспортпен жүрген. Сол жылы оны да жоғалтып алады. Содан бері туу туралы куәлігінің жоқтығынан халық санына қосыла алмай жүр. Жалданып қара жұмыс істеп жүрген оны бірнеше рет полиция ұстап әкеткен.

Алтай Атажанов, Алматы облысының тұрғыны:

Өзіміздің қазақ жігіт қой деп мені жібереді. Құжат жоқ болса да жұмыс істеймін десең істей береді екенсің. Алатаудан жаныма куәгерлерді алып бардым. Кішкентай кезімнен мені танитындар, қызымыз бар, жиендер бары алып бардық. Соның өзінде маған айтты сіздің туу туралы куәлігіңіз болмаса біз бере алмаймыз деді.

Алматы облысының тұрғыны құжаттарын рәсімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша Қарасай аудандық азаматтық актілерді тіркеу бөліміне барды. Ондағылар миграция бөліміне жөн сілтеді.

Айым Темірбекова, Қарасай аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің маманы:

Сізде бұрын қызыл паспорт болған. Олар Аягөзге сұрау жіберу керек. Аягөзден көтеру керек сіздің қызыл паспортыңызды. Сол қызыл паспортпен сізге жеке куәлік беру керек.

Алтай Атажановтың қолында Қазақстан азаматы екенін дәлелдейтін мектеп бітіргені туралы аттестаты, қызыл паспорт алғаны туралы түбіртек, әскери билеті және неке қию куәлігі бар. Мұны еш мемлекеттік орган есепке алмаған. Бүгінде бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырса да, ешкім мәселенің қалай шешілетінін нақты айта алмады.

Сәуле Жақсылыққызы, Қарасай аудандық көші-қон полициясы бөлімінің жетекші маманы:

Бұл жерде қызыл паспорты қолында болған жағдайда көмектесетін едік бұл кісіге. Құжат алуға. Азаматтығын ары қарай алуға. Жоғарыдан ғана шешу керек мұны. Біз шеше алмаймыз.

Көші қон бөлімі Алтай Атажановқа қолында бар құжаттарын жинап, қайта өткізуге кеңес берді. Алайда тұрғын бұдан нәтиже шығарына күмәнмен қарап отыр. Дәл осындай қағаздарды Алматы қаласы Алатау ауданына бес жыл бұрын өткізген. Артынша, құзырлы орган жеткіліксіз деген сылтаумен кері қайтарыпты. Енді қайта жинауға мүмкіндік те шамалы дейді. Себебі, денсаулығы сыр берген. Ал келер жылы зейнетке шығуы тиіс.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу