Мәулен Әшімбаев Түркістан облысындағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Түркістан облысындағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті

31.05.2022

Сенат төрағасы Түркістан облысындағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Бас  қосуда Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға тоқталып, Конституциялық реформаның мәні мен маңызын сөз етті. Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерді жан-жақты түсіндіріп, алдағы референдум еліміздің саяси жүйесін ғана емес, басқа да салаларды дамытуға септігін тигізетінін жеткізді. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттерімен кездесіп, жастардың сұрақтарына жауап берді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
Осы Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер, барлық жасалып жатқан жұмыстар мұның барлығының негізгі мақсаты мемлекетімізді күшейту, саяси жүйемізді әрі қарай дамыту және де халықтың әл-ауқатын арттырып, әсіресе жастарға барлық мүмкіндіктерді жасау. Қазір осы жаңа Қазақстанды дамыту үшін үлкен қадам жасалайын деп жатыр. Өте маңызды қадам. Сол қадамның табысты болуы үшін жастар өздерінің үлесін қосуы керек.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Кентау трансформатор зауытының ұжымымен және өңірдегі бір топ кәсіпкерлермен кездесті. Аталған салаға қатысты мәселелер де жан-жақты талқыланды. Мәулен Әшімбаев айтылған пікірлер мен ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдар тарапынан пысықталып, Парламенттің заң шығару жұмысында ескерілетінін жеткізді.

Бекжігіт Сердәлі, Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, ғалым:
Жер халықтың меншігінде болады деп жатыр. Сот билігі адамдар тікелей қатынас жасауы қиын еді, бұл жерде тікелей мүмкіндік ашып отыр. Кез-келген адам өзінің құқын қорғай алатын жағдай жасап отыр. Бұрын мысалыға халық пен биліктің арасында шамалы алшақтық пайда бола бастап еді, осы алшақтықты жояйын деп тұрған сияқты. Осыған үлкен үміт артып отырмыз.

Айнұр Ақбаева  

Хабарламаларға жазылу