ШҚО: Күршім ауданындағы лас суды тазартатын жүйе 30 жыл бұрын істен шыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО: Күршім ауданындағы лас суды тазартатын жүйе 30 жыл бұрын істен шыққан

30.05.2022

Шығыстағы Күршім ауданында кәріз суы өзенге құйылып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, лас суды тазартатын жүйе 30 жыл бұрын істен шыққан. Кәріз суы ауыл шетіндегі қазан шұңқырға жиналып, одан қалғаны сол маңдағы үйлердің бау-бақшасына жайылады. Аудан әкімдігінде бұл мәселені шешуге қазір дәрмен де, пәрмен де болмай тұр.

Күршім ауылының лас суы міне жерде көл болып 4 дамба осылай толып тұр.

Қабдылқазы Төлеуханов соңғы 10 жылда лас сумен алысып келеді. Тіпті жауын көп жылы кәріз суы сай-салаға жайылады. Осы маңдағы отбасылар дабыл қаққан соң, ауылға қарай ағатын жағына топырақ үйген. Бірақ қыста аяз қатты болса ол бөгет те сеп болмайды.

Қабдылқазы Төлеуханов, Күршім ауылының тұрғыны:
Қыс бетінде міне біреу жерде осы төмпешіктің ар жағында су ағып шығатын құбыр бар. Күршімнің лас суы осыған келеді. Әлгі қатып қалады да, бері ағады. Жайылып айдын мұз болады. Міне жерде арыққа толады.

Зиянын аудандағы коммуналдық мекеме басшысы да жақсы біледі. Бірақ қолдан келер қайыр жоқ, деп жыл сайын айыппұл төлеумен ғана жүр.

Аслан Ақанов, «Күршім коммуналдық кәсіпорнының» директоры:

Тұрғындар тарапынан экологияға шағымданып соның салдарынан штраф алып отырмыз, былтыр 10 миллион теңге штраф салынды. Басқа біздің қолымыздан мұндай қаражат та жоқ. Әкімшілік пен ЖКХ-ға ұсыныстар жылда тапсырып отырмыз, бұйырса осы жылы шешімін таба ма деп ойлаймын.

Аудан орталығындағы 28 көпқабатты үй мен 8 мекемеден қалдық су тоғанға жиналады. Одан соң тазартқыш құрылғыда сүзілуі керек. Алайда су тазарту нысаны 1990-шы жылдан бері істемейді.Бүгінде қалқиып қаңқасы ғана тұр. Жаңасын салу үшін бұған дейін талай жоба жасалғанмен аяқсыз қалды.

Мақсат Әкірамов, Күршім аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Жобалық сметаға сәйкес бұл жоба құны 1 миллард теңгеден асады. Ал осы жобаны қайта түзеуге 8 миллион теңге жоспарлап отырмыз. 3 жыл бұрынғы жоба қайта қымбаттауы мүмкін. Ол кездегі баға басқа болды. Қазір білесіздер құрылыс материалдары, жұмыстары қымбатап жатыр. Сондықтан заңға сәйкес қайта түзетулер беріп отырмыз.

Коммуналдық мекеменің мәселесін облыс әкімнен бастап осы салаға жауапатылардың бәрі біледі. Тек мәселені шешуге келгенде құлықсыз дейді тұрғындар. Ал экологтарды өзеннің жағдайы алаңдатып отыр. Қазір балық түгілі бақа да жоқ. Су әбден ластанған.

Данияр Әлиев, Облыстық экология департаментінің басшысы:
Негізінде 18 зат бойынша жүргіземіз лабороториялық сынамаларымызды. Барлық көрсеткіштер бойынша ластанып жатқан судың ішінде көрсеткіштер өте биік. Өзінің шектеулі концетрасциянан асып кеткен.

Кәріз суын тазартатын нысан салынғанша аз дегенде 2 жыл керек. Бірақ қажетті қаржат бөліне ме, жоқ па тұрғындар мен экологтар соған алаңдаулы.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу