Әзербайжанда Таулы Қарабақты минадан тазалау жұмыстары жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әзербайжанда Таулы Қарабақты минадан тазалау жұмыстары жүріп жатыр

27.05.2022

Әзербайжанда Таулы Қарабақты минадан тазалап, адамдардың қайта көшіп келуіне дайындау жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Бүгінде соғыс тоқтаған аудандарда жол, мектеп, аурухана сияқты қажетті нысандардың құрылысы басталған. Тілшіміз Айдос Әшімұлы Таулы Қарабаққа арнайы барып, азат етілген аумақтардың қалпына келтіру жұмыстарын көріп қайтты.

Таулы Қарабақтағы соғыстың тоқтағанына бір жарым жыл өтсе де осындай жарылыстар әлі күнге болып тұрады. Бұл- аумақты минадан тазартып жатқан саперлардың жұмысы. Бүгінге дейін сегіз мың екі жүз гектардай алаңда залалсыздандыру жұмыстары жүрген. Өкініштісі, екі жүзге жуық бейбіт тұрғын жараланып, бірнеше адам қаза тапқан.

Ехтирам Жаферов, «Анама» минадан тазалау орталығының басшысы:
Күн сайын арнайы иттер, роботтар мен саперлардың көмегімен аумақтың әр адымын минадан тазалап жатырмыз. Қалың қар мен жаңбыр кедергі болмаса жылына 250 күн бойы жұмыс істейміз. Бүкіл аумақты тазартып шығуға шамамен әлі 9 жылдай уақыт керек деп отырмыз.

Кезінде Әзербайжандағы ірі қалалардың бірі болған Ағдамда құрылыс қарқын алған. Қираған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ мұнда арнайы индустриалды парк бар. Орталық соғыстан кейін қалпына келтірілетін аумаққа инвестиция салуға бейіл компанияларға жәрдем беру мақсатында құрылған.

Самер Мамедов, «Ағдам» Индустриалды паркінің директоры:
Бүгінге дейін 9 ірі компания бізге инвестиция құйып, жұмыстарын бастап кетті. Шамамен 30 млн доллар қаржы тартылды. Олар барлық салықтардан, кедендік алымдардан босатылған. Алдағы уақытта мыңнан аса адамды жұмыспен қамтимыз.

Қазір Бакуден Ағдамға одан әрі Физули қаласына дейін автобан салу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жол алдағы уақытта Қазақстан арқылы өтетін халықаралық Транскаспий тас жолының жандануына да себеп болмақ.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу