Әлихан Смайылов: Көкшетауда салынатын жылу электр орталығының құрылысы жоспарлаған уақытта аяқталуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов: Көкшетауда салынатын жылу электр орталығының құрылысы жоспарлаған уақытта аяқталуы тиіс

27.05.2022

Көкшетауда салынатын жылу электр орталығының құрылысы жоспарлаған уақытта аяқталуы тиіс. Ол үшін барлық жұмыстар кестеге сай орындалу керек. Ақмола облысының орталығына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы жауапты мекемелерге осындай тапсырма берді. Сондай-ақ, Премьер-министр өндірістік-әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, өңірдің диқандарымен кездесті.

Көкшетаудағы көкейкесті мәселенің бірі - жылу тапшылығы. Қала халқы өскен сайын, қолданыстағы қазандықтың қуаты жетпей жатыр. Қондырғылар тозған. Сондықтан жаңа жылу электр орталығының құрылысын кешіктірмеу керек. Оны іске қосу 2026 жылға жоспарланған. Жоба құны - 240 млрд теңге. Ал оған дейін қазіргі қазандықты жөндеп, мазутпен жанатын қондырғыларды қолданудан басқа амал жоқ.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Жылу электр станциясын салу бойынша конкурсты өткізіп, инвесторды анықтау қажет. Қаржыландыру мен қайтару тетіктерін толық шешуіміз керек. Энергетика министрлігіне осындай тапсырма беремін. Жоспарланған мерзімнен кешікпеу керек. Ал қазандықты келесі жылу маусымына дайындаңыздар. Мазуттың қажетті көлемін тауып беру қажет. Оның бағасы да тиімді болсын.

Су сапасының да көкшетаулықтарды алаңдатқаны қанша? Тозығы жеткен тазалау қондырғыларын жаңалау жобасы 13 жыл бойы іске аспай келеді. Не ақша жоқ, не жоба дұрыс емес. Қазір жұмысты аяқтау үшін 5 млрд теңге қажет. Үкімет басшысы бұл сұрақты шешуді тапсырды. Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлермен кездесіп, олардың бірқатар мәселелерімен қанықты. Өзектілерінің бірі - маман тапшылығы.

Айбат Есентұров, Серіктестік директоры:
Бұл проблема шаруашылықтың емес, бүкіл Қазақстанның проблемасы. Жалпы жастар ауылда қалғысы келмейді. Жұмыс істегісі келмейді.

Мәселені шешу үшін үкімет алдағы уақытта шаруа қожалықтары мен оқу орындары арасындағы байланысты нығайтпақ. Жаңа техника алу да оңай емес. Барлығы шетелдік өнім. Бағасы қымбат. Сондықтан жоқ дегенде қосалқы бөлшектерді шығаруды қолға алу керектігі айтылды. Бұл сұрақ алдағы уақытта пысықталмақ. Үкімет басшысы сүт-ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Премьер-министр әлеуметтік нысандарды аралап, облыстың дамуы бойынша жиын өткізді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
«Өңірдің экономикасын әртараптандыру өте өзекті мәселе. Осы жылы өңірде жеке инвестициялар есебінен жалпы құны 273 млрд теңге құрайтын 169 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Әкімдіктің қарауында жобалау сатысында тұрған тағы 135 жоба бар».

Үкімет басшысы жобалар агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, металлургия, құрылыс индустряисы секілді салаларда жүзеге асатындығын айтты.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу