Ресей қарулы күштері соңғы бір жарым апта бойы Северодонецкіге үздіксіз оқ жаудырып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей қарулы күштері соңғы бір жарым апта бойы Северодонецкіге үздіксіз оқ жаудырып жатыр

26.05.2022

Ресей қарулы күштері соңғы бір жарым апта бойы Северодонецкіге үздіксіз оқ жаудырып жатыр. Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, қаладағы тұрғын үйлердің 90 пайызы қираған. Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Вадим Денисенконың сөзінше, «Донбаста жағдай өте күрделі. Ресейдің 25 батальондық тактикалық тобы Украина күштерін қоршауға алуға тырысып жатыр». «Би-Би-Си»-дің хабарлауынша, соңғы күндері Ресей армиясы Донбаста алға жылжып, бірнеше ауылды басып алған. Ал, БҰҰ-ның мәліметінше, Украинада қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны 4 мыңға жуықтады.

Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Давостағы форумда сөйлеген сөзінде Еуропа Одағының Ресейге қарсы санкцияларының алтыншы пакеті әлі күшіне енбеуі қынжылтады деп мәлімдеді. «Донбас үшін күрес Екінші дүниежүзілік соғысқа» ұқсайды деп мәлімдеген дипломат, Киев зымыран ұшыратын кешендерге аса мұқтаж екенін баса айтты.

Ғаламдық рецессия: Дүниежүзілік банк басшысының мәлімдемесі

Ал, Дүниежүзілік банктің пайымдауынша, Ресейдің Украинаға басып кіруі ғаламдық рецессияға әкелуі мүмкін. Халықаралық орган басшысы Дэвид Малпасс осылай деп мәлімдеп отыр. Айтуынша, қарулы қақтығыс салдарынан азық-түлік, энергетикалық ресурстар мен тыңайтқыштар айтарлықтай қымбаттаған. Бұған қоса, Еуропаның көптеген мемлекеті әлі де Ресейдің мұнайы мен газына тәуелді. Мәскеудің көгілдір отын тасымалын қысқартуы аймақ экономикасының баяулауына әкелуі мүмкін. Дүниежүзілік банк басшысы энергия бағасының өсуі қазірдің өзінде Германияға ауыр салмақ түсіріп отыр деп мәлімдеді

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу