Оралда қант тапшы болып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда қант тапшы болып тұр

26.05.2022

Оралда қант тапшы болып тұр. Жұрт шекерді сөрелерден таппай қалды. Ал құны біршама арзан қант тек таңғы уақытта ғана сатылып жатыр. Сауда орындарында ұзын-сонар кезек.

Қалада қант іздеп шарқ ұрған адам көп. Өнімнің бағасы бірнеше күн ішінде 370 теңгеден 700-ге бір ақ көтерілген. Ал қазір ақшаға да жоқ дейді жұрт.

Ақбала Мақсотқызы, зейнеткер:

Варенье қайнату керек, каша пісіресің, компот жасайсың. Дым да жоқ қазір. Неге жоқ, қайда кетті? Ешкім айтпайды. Жоқ, болды.

Гүлсім Аманшина, сатушы:

Бір жұмадай болып қалды бізде базарда қанттың болмағанына. Алдында складта болғанда бір-бір қапшықтан алып, сатып жүрдік. 550-ден саттық, соңғысын 580-нен саттық. Енді ақшаға алуға да жоқ.

Қоймаларда да қант қат. Ал арзан өнім шахардағы 4 ірі сауда орнында сатылып жатыр.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір қаладағы ең танымал сауда желілерінің біріндеміз. Мұнда да қант жоқ. Қазір түс кезі. Ал секер таңғы сағат 8-ден 9-ға дейін әп-сәтте сатылып кеткен.

Баян Бөлесова, тұрғын:

Таңертең 7 жарымда келдік. Содан тұрмыз очередь. Мынау масқара ғой. Міне, мен де бір келіге іліктім. Дұрыс емес мынау. Шығара ма, 150 келіден шығарсын, адамды келемеж жасаған кісі құсап.

Облысқа бір жарым ай бұрын «Азық-түлік келісімшарты корпорациясы» арқылы 323 теңгеден қант жеткізілген. Кәсіпкерлер оған 15 пайыз үстемақы қосып, 370 теңгеден сатып жатыр. Бір қолға тек екі келіден. Олар қант қорының өте аз қалғанын айтады. Өңір қантты бұған дейін Ресейден алып келген. Аталған ел тамызға дейін тәттіні сыртқа экспорттауға тыйым салғасын, Оралда осындай дүрбелең туып отыр.

Жұмагелді Батырниязов, Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

Зауыттармен келісім бар. Аптасына 140 тонна бізге жеткізіп отырады Жамбыл, Көксу қант зауыттары. Осы кезге дейін болмау себебі, зауыттардың өзінде шиікзаттың болмай қалуынан. Қазір зауыттың өзіндегі баға - 450 теңге.

Қант келер аптада келуі мүмкін. Тек қымбат бағамен. Тұрақтандыру қоры өнімді тиімді бағамен сатып алу үшін кәсіпкерлерге пайызсыз несие беруге дайын. Алайда ешкім тәуекел етпей отыр. Өйткені баға күн сайын құбылып тұр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу