Мемлекет басшысы: Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттық 2 есе артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-саттық 2 есе артады

26.05.2022

Қазақстан мен Қырғызстан таяу жылдары сауда-саттықты екі есеге көбейтпек. Бұл туралы көрші елге ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Қазіргі таңда екі елдің сауда-саттығы 1 миллиард долларға жуықтаған. Алыс-берісті еселеу үшін шекарадағы өткізу мүмкіндігін кеңейту керек. Президент кеден саласына цифрлық мүмкініктерді көбірек пайдалану қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы облыстар арасындағы кең ауқымды ықпалдастықты жолға қоюдың маңызына тоқталды. Осы ретте бірінші Өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Кездесу барысында ортақ жобаларды жүзеге асыру, трансшекаралық су мәселесі, білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық сөз болды. Қазіргі таңда Қазақстанның 8 жоғары оқу орны Қырғызстанда өз филиалдарын ашуға ниет білдіріп отыр. Бүгін соның біріншісі ашылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға сапары барысында екі ел 10 меморандумға қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Жалпы өзара сауда-саттықты қысқа мерзімде көбейтуге мол мүмкіндік бар. Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды Қырғызстанға экспорттауға дайынбыз. Бұған «ҚазЭкспорт»  компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті: 
Биз ең жақын қонушу, бир туған елдерденбиз. Жаңа биз мамилелеримизді будан ары бекемдеп, кеңейтуге даярбыз. Биздин бугинги кездесуимиз достық, конструктивти қырда алда отту.

Президент бірлескен мәлімдеме кезінде Қазақстанда өтетін алдағы референдумның маңызына да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге келгенін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Жаңа Қазақстан, яғни Екінші Республика – бұл шын мәніндегі демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен, Парламенттің рөлі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естілетін болады. Мен Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым – бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу