Түркістан облысында 30 мыңнан астам түлек білім ұясымен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 30 мыңнан астам түлек білім ұясымен қоштасты

25.05.2022

Еліміздегі әрбір бесінші бала дүниеге келетін Түркістан облысында 30 мыңнан астам түлек білім ұясымен қоштасты. Жаңа өмірге қанат қаққан жастарға ұстаздары мен ата-аналары ақ тілегін жаудырды.

Сайрам ауданы Қасымбек Датқа ауылындағы мектептен биыл 53 түлек қанат қаққалы отыр. Бітіруші жастардың әрқайсысының жанарында қимастық, көңілінде толқу сезімі бар. Олар мектеп қабырғасында алған білімдерін ары қарай шыңдап, жаңа өмірге қадам баспақ.

Балнұр Керімбек, түлек:
Сыныптастарыма алдағы уақытта тек қана сәттілік тілеймін! Мен болашақта медицина саласында дәрігер болғым келеді. Еліме қызмет еткім келеді сол салада.

Мектеп бітірушілер үшін осылайша соңғы қоңырау да соғылды. Салтанатты шарада түлектерге он бір жыл оқытқан ұстаздары мен ата-аналары мектеп ұжымы жылы лебіз білдіріп, сәт сапар тіледі.

Эльмира Темірәлиева, сынып жетекшісі:
Жүректе қимастық бар. Оларды бесінші сыныптан алып келе жатырмын. Әр баланың мінезі әртүрлі. Енді осы балаларымыз біздің берген тәрбиеміз бен білімімізді өмірлеріне жақсы өнеге етіп қабылдаса дейміз. Биік шыңдардан көрінсе деймін.

Карантиндік шектеулерге байланысты былтыр «Соңғы қоңырау» өткен жоқ. Ал биыл мектеп бітірушілер емін-еркін ән салып, қоштасу вальсін биледі. Ендігі мақсат алдағы сынақтардан сүрінбей өтіп, бір мамандықты меңгеру. Жалпы Сайрам ауданында 74 мектепте соңғы қоңырау соғылды.

Әлжан Сапарбеков, Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Ауданымызда биыл бітірушілердің саны 3271-ді құрап отыр. Оның ішінде солардың 52 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш білдіріп отыр. Жоғары оқу орындарына түсу үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Өңірде биыл бітіруші түлектердің 1 250-і «Алтын белгіге», екі мыңға жуығы үздік аттестатқа үміткер. Ал 43 мыңға жуық оқушы 9-шы сыныпты бітіреді. Оның шамамен 75 пайызы мектепте білім алуды жалғастырса, қалғандары колледждерге оқуға барады деп күтілуде.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу