Ресей әскері Украинаның Донбасында шабуылды күшейтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей әскері Украинаның Донбасында шабуылды күшейтті

25.05.2022

Ресей әскері Украинаның Донбасында шабуылды күшейтті. Олардың мақсаты - Северодонецк және Лисичанск қалаларын алып, әрі қарай Донецк және Луганск облыстарына толық бақылау орнату. Украина армиясы ресейліктердің 9 шабуылына тойтарыс бергенін және олардың артиллериялық, танкілік, зымырандық соққыларынан 14 бейбіт тұрғын қаза тапқанын хабарлады. Дегенмен, батыс барлаушыларының дерегінше, Ресей қарулы күштері бұл аймақта да алға айтарлықтай жылжи алмай, тұралай бастаған. Алайда, қорғаныс министрі Сергей Шойгудың сөзінше, Ресей бейбіт халықтың көшуіне мүмкіндік жасау үшін операцияны әдейі баяулатып отыр.

Сергей Шойгу Ресей қорғаныс министрі:

«Қоршауға алынған елдімекендер тұрғындары үшін «тыныштық режимі» жарияланып, гуманитарлық дәліздер ашылып жатыр. Бұл шабуыл қарқынын бәсеңдететіні сөзсіз. Бірақ біз бейбіт тұрғындардың өліміне жол бермеу үшін осындай қадамға саналы түрде барып отырмыз.

Ал, Украина президенті Владимир Зеленский Донбастағы жағдай аса күрделі екенін және Ресей өңірге бар күшін жұмылдырғанын айтты. Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың жоғарыдағы мәлімдемесіне қатысты пікірін білдірді.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Бүгін Ресейден мүлдем шындыққа жанаспайтын мәлімдеме естідік. Олар шабуылды әдейі баяулаттық деп отыр. Үш ай бойы Украинада неліктен көздеген мақсаттарына жетпегенін түсіндіру үшін олардың "бәрі осылай жоспарланды" деуден басқа амалдары қалмаған.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу