Ресейдің Астрахань облысында тұратын қандастар ұлттық дәстүрді жаңғыртып, жайлау тойын дүркіретіп атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Астрахань облысында тұратын қандастар ұлттық дәстүрді жаңғыртып, жайлау тойын дүркіретіп атап өтті

23.05.2022

Ресейдің Астрахань облысында тұратын қандастар ұлттық дәстүрді жаңғыртып, жайлау тойын дүркіретіп атап өтті. Айтулы шараның байрағы Алтынжар ауылында орналасқан Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы мәдени орталықта көтерілді. Араға ұзақ уақыт салып қайта ұйымдастырылған көктем мерекесіне халық көптеп жиналды. Жақсыны көрмекке деген. Меншікті тілшіміз Жандос Темірғали жайлау тойына арнайы барып келді.

Күй атасы Құрманғазы мәңгілікке дамыл тапқан бұл өлке - шеттегі қазақтың басын қосатын қарашаңырақ іспетті. Өйткені, ұлттық дәстүрмен сабақтасатын барлық маңызды жиын осы атырапта өтеді. Оның ішінде жайлау тойы да бар. Думанды шараны домбыраның күмбірімен тербемекке келген қандастың бірі - Ернұр Өтепқалиев.

Ернұр Өтепқалиев, «Құрманғазы» орталығының домбырашысы:

Бірге болайық дегендей. Біз енді Ресейде жүргесін өзіміздің дәстүрімізді ұмытпайық деген, осы домбырамыз деген, осы жұмысымыз біздердің.

Бұл тойдың маңызын тереңнен ұғынатын Ернұр сияқты жастар мұнда аз. Аға буынды сол қынжылтады.

Шәрәпи Өрімбаев, Астрахань облысының тұрғыны:

Мына үлкен кісілеріміз болмаса, мына жастарымыз көп маңызын білмейді шынын айтқанда. Сонымыз ұят біздің. Жағдай солай, айналайын.

Жандос Темірғали, тілші:

Міне жайлау тойдың сәнін келтіретін керуен де ауылға жақындап келеді. Оның құрамында әншілер мен бишілер, домбыраның құлағында ойнайтын небір күйшілер бар. Ұйымдастырушылар осы арқылы қазақтың ұмытылып бара жатқан тұрмыс тіршілігін жиналғандарға паш етуді көздейді.

Астраханьда ұлттық құндылықты насихаттап жүрген 100-ден астам ұжым бар. Өкілдері көпшілікке халық әніннен шашу шашып, өнереге сусаған жұртты елітіп әкетті.

Ғалима Әжімова, Астрахань облысының тұрғыны:

Ел жаңарып,көк шығып, халық малын жайлауға шығарып, тойлап, осындай етіп бастайды. Бір- бірімізді көріп, осындай жаққа жиналып жатырмыз.Жайлау той деген күшті зат.

Жайлау тойында қазақ мәдениетімен қатар, жауынгерлік өнердің қыр-сыры паш етілді. Палуандар боз кілемде белдесіп, мергендер нысананы көздеді. Ақ жаулықты аналар ұршық үйіріп, алаша тоқыды. Алтыбақаннан да адам үзімелмеді. Әр киіз үйде ән қалықтап, күй шертілді. Ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды. Ал, ат жарысын тамашалағандардың қазақы рухы қозып, қиқуға басты.

Бірегей дәстүріміз бен ата салтымыздың абыройы асқақтаған салтанатты шарада төл тағамдарымыз да ұсынылды. «Бауырсақ шоу» сайысы ұйымдастырылып, бағасын көпшілік берді.

Ұлболсын Ізбасарова, Астрахань облысының тұрғыны:

Қазақтың нағыз бауырсағын әкелдік. Екі күн бұрын ашытқысын дайындадық. Кейін ұнды сиыр сүтіне илеп, қамыр әзірледік. Енді оны тоң майға қуырып жатырмыз.

Ресейде 640 мыңнан астам этникалық қазақ бар. Оның 150 мыңға жуығы Астрахань облысында тұрады. Қандастарымыз, қазақылықты айшықтайтын жайлау тойы сияқты шаралар жиі ұйымдастырылса, дейді.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу