Нұр-Сұлтандағы қаптаған құрылыстағы заңсыздыққа тұрғындар наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтандағы қаптаған құрылыстағы заңсыздыққа тұрғындар наразы

23.05.2022

Елордада құмырсқаның илеуіндей құрылыс қаптап кетті. Тұрғындар аула тар, алаң жоқ,-деп дабыл қағуда. Өйткені, сүйем жерден пайда көздегендер көпқабатты үйлерге тиесілі талаптарды сақтамаған. Қазір құрылыс жүргізу талабын бұзған бірнеше компания тексеріліп жатыр. 

Мына ауланың тұрғындары кең тыныстаудан қалған. Алғашында жағалаудан салынған жалғыз үйдің тұрғындары бүгінде жапсарласа соғылған көпқабатты үйлерден көз аша алмай қалдық дейді. Ал, жұртқа қажетті әлеуметтік нысандар жоқтың қасы.

Гүлжан Көшкіншиева, қала тұрғыны:
Өте қажетті нысандар салынбай керісінше, үсті-үстіне, өте жақын үйлер саланып жатыр. Жас семьялар қиналып жатыр, балабақшалар жоқ жақын маңайда. Адам саны көп. Өте биік-биік тұрғын үйлер.

Мына көпқабатты тұрғын үйдің кіре берісінен небәрі қазір есептеп жіберейік 5 қадам жерден басқа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын салу үшін қоршап тастаған. Тұрғындар бізге ыңғайлы жағдай жасаудан бөлек қауіпсіздігіміз де қамтамасыз етілмей отыр дейді. Өйткені өрт сөндіру көлігі мұнда кіргенімен крандарын көтере алмай қалған жағдайлар жиі кездеседі.

Бұрын жеке сектор болған аумақты сатып алған құрылыс компаниясы іргетасын көтеру үшін қазықтарын қаға бастаған. Тұрғындар ауыр техниканың соққысынан қабырғаларда жарықтар пайда болғанын айтады. Өйткені жағалаудағы жер қатпары мұндай ауыр құрылысты көтермеуі мүмкін.

Светлана Жақыпова, қала тұрғыны:
Ертең олар бізге гарантия береді ме мына жерден бәлен үй саламыз деп жатыр. Мына біздің жарықшалар үлкеймей үйдің құлап түспейтініне. Ал, құлап түссе ертең соттасамыз, ол кезде бәрі кеш болады. сондықтан әкімдік біздің пікірімізді ескеру керек.

Қазір бұл тұрғын үйге қатысты жұмыс тобы құрылып, тексеру басталды. Заңсыздықтар анықталса көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы тоқтатылуы мүмкін. Ал, Тұран даңғылыдағы "Алтын шар" тұрғын үйінде балаларға арналған ойын алаңы жоқ. Тұрғын үй толықтай қоршауда.

Айгүл Әшекова, қала тұрғыны:
Балалар ойнайтын мүлдем жер жоқ. Спорт алағұайлары болады басқа жк-ларда ондай да жоқ. Қарап тұрсаңыз мына жерде екі орындық тұр. Ол жерде жастар отырса кемпір шалдар отыра алмай қалады. Кемпір шалдар отырса жастар отыра алмай қалады. Ал қыстың күндері балалар мүлде далаға шықпайды.

Қазір, құрылыс компанияның бірқатар талаптарды орындамағаны анықталды. Оларға қатысты сот үкімі де шыққан.

Рауан Қуанов, Қалалық орта сапасын бақылау басқармасының бас маманы:
Кезектен тыс тексеру кезінде алтын шар құрылыс компаниясы кейбір талаптарды орындалмағаны анықтылды. Сот шешімімен олар тұрақтарды кеңейтіп, үйлердің арасынағы жолдарды жөндеуге міндеттелді.

Қоршауда қалған тұрғын үйге ойын алаңы қай жерден салынатыны белгісіз. Бір қызығы қалалық орта сапасын бақылау басқармасының мамандары тұрғын үй ауласында балалар алаңшасының жоқ екенін бізден естіп білді.

Бүгінде еліміз бойынша құрылыс жүргізу талаптарын бұзу деректері көбейген. Соңғы бес айда жеті жүзге жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Құрылыс жүргізуге қатысты бақылауды күшейтпейінше бей-берекет салынған құрылыс нысандарының саны көбейе беретіні сөзсіз.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу