ЕуроОдақ Ресей отынынан бас тарту жөніндегі кешенді жоспарын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕуроОдақ Ресей отынынан бас тарту жөніндегі кешенді жоспарын жариялады

22.05.2022

Ал ЕуроОдақ Ресей отынынан бас тарту жөніндегі кешенді жоспарын жариялады. Әңгіме газ туралы. Кәрі құрлық Ресейдің көгілдір отынына тәуелділіктен құтылу үшін 210 миллиард еуро бөледі. Жоспарды 2027 жылы жүзеге асырмақшы. Атап өтерлігі, Ресей табиғи газдың 40, ал мұнайдың 27 процентін ЕуроОдаққа тасымалдайды. Бұдан бюджетке жылына 400 миллиард еуро табыс түседі. Саяси текетірес жалғасқан сайын көрші елден кете бастаған ірі компаниялар да артып жатыр. Осы аптада Макдональдс Ресейден түбегейлі кететінін мәлімдеді. Фастфудсыз да өмір сүруге болады әлбетте түсінікті. Бұл жерде әңгіме шығын жайлы. Макдональдс Ресейдегі тамақтану саласынан түсетін салықтың төрттен бірін құрайтынын ескерсек, бюджеттің бір бүйірі толмай қалады деген сөз. 

Санкциялардан қашқан кейбір компаниялар Қазақстанда бизнес бастауды ойластырып жатыр. Ал Лев Лещенко сияқты әншілерден бастап тиктокерлерге дейін біздің елге келгіш болып кетті. Биыл елімізден ЖСН алған ресейліктер саны былтырғыдан 10 есе көп екен. Өткен жылы қаңтар мен сәуір аралығында көрші елден 3,5 мың азаматқа ЖСН берілсе, 22-ші жылдың дәл осы кезеңінде 35 мыңнан асып кеткен. Мәскеудегі тілшіміз Индира Бегайдардың материалы.

 Санкциядан ең көп зардап шеккен қарапайым тұрғындар. Күйі кетсе де, үмітін үзбей жүрген Валентина Светлякова зейнетақы көбейсе дейді. Заманның қалпы, базардың нарқы өзгергелі алатын ақшасы екі аптаға да жетпейді екен. Сондықтан ол келер айда өзге мемлекетке қоныс аударуды жоспарлап отыр.

Валентина Светлякова, зейнеткер:

Азық-түлікке ақшам жетпейді. Қазір тек картоп, сүт және нан сатып аламын. Осылай күнелтіп жүрміз. Амал жоқ. Молдавияда тусықандарым тұрады, солардың жанына көшіп кетемін деп шештім.

Украина дағдарысы басталғалы Ресейден көшкісі келетіндердің саны артқан. Федералды қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 15,5 миллионнан астам адам елден кетті, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Ресейліктер таңдаған мемлекеттердің арасында Эстония, Қазақстан және Түркия көш бастап тұр. Іргелес елдегі мигранттардың да жағдайы мәз емес, жыл соңына дейін 40 пайызы өз мемлекеттеріне қайтуы мүмкін.

Достонбек Тоджиев, еңбек мигранты:

Пәтерде бөлме жалдаймын, оған 10 мың рубль төлеймін, 6 мың рубль патент үшін, тағы 6 мың рубль тіркеу үшін кетеді. Бұрын табысым жететін, қазір дағдарыс басталғандықтан жалақымыз қысқарды. Сондықтан Қазақстаннан жұмыс іздеп көрсем деп жоспарлап отырмын.

Дүрбелең басталғалы Ресейде кей азық-түлік түрлерінің бағасы 100 пайызға дейін көтерілген. Күн санап артып бара жатқан бағаны ауыздықтауға үкіметтің қауқары жетпейді. Өйткені ішкі нарыққа қажетті өнімдердің 40 пайызы Еуропадан тасымалданатын. Несиеге азық-түлік алатындар күрт артқан. Жалпы бұрын несие 7-8 пайыз үстемақымен берілсе, қазір ол 20-26 пайызға өсті. Техника да бірден 50 пайызға қымбаттаған. Ұялы байланыс операторлары қоймада телефондар, планшеттер мен компьютерлер енді 4 айда таусылатынын айтады. Сатып алынған тауар Еуропада тұрып қалған, себебі логистика бұзылды. Басқа амал жоқ, өзге елдерден қолданылған техниканы жеткізуге мәжбүр.

Александр Соколов, IT саласының маманы:

Өйткені компьютердің бөлшектерінің барлығы шетелдік компанияларда шығарылған. Ал бізге оны жеткізу мүмкін емес, оның үстіне барлығы сатудан бас тартып отыр. Ұсталынған техниканы елге кіргізу үшін қазір жұмыс жүргізілуде.

Индира Бегайдар, тілші:

Ресей экономикасы санкцияның салқынын сезінуде. Қаржы секторы, әуе, логистикалық компаниялар банкротқа ұшырады. Инфляция биыл 20 пайызға дейін жетеді деген болжам бар. Жалпы ішкі өнім 11 пайызға құлдырайды. 5 миллионға жуық адам жұмыссыз қалады деген сөз. Қазірдің өзінде нарықтан 500 компания, 5000 бренд кеткен. Кейбірі енді ешқашан оралмайтынын мәлімдеді. Солардың бірі - 30 жылдан бері істеп келе жатқан Макдональдс. Компания Ресейдегі тамақтану саласындағы салық түсімдерінің төрттен бірін қамтамасыз еткен. Яғни қазынаға енді 1 миллиард 400 миллион доллар түспей қалады...

Дегенмен кейбір танымал брендтер атауын ауыстырып, жұмыс орындарын сақтап қалуға тырысуда. Мәселен «Макдональдс»-«Дядя Ваня» «Reserved»-«RE», «Pepsi»-«Русский дар» болып өзгертіледі. Сонымен қатар, Қытай, Түркияның кәсіпкерлері де Ресей нарығына қызығушылық танытуда. SWIFT жүйесінен ажыратылғалы шетелге немесе шетелден ақша аудару мүмкін емес, ел аумағында тек «Мир» карталары жарамды. Қытайлық «Union pay» төлем жүйесі бірден ірі банктермен келісімге отырған. Оған қоса көптеген ресейліктер Өзбекстан мен Қазақстанға барып, банк карталарын ашуда. Тіпті Ресейдің бес қаласынан Ташкентке бұл мақсатта арнайы турлар ұйымдастырылуда. Танымал блогерлер, спортшылар мен әншілер Қазақстаға барып, банк картасын ашуда.

Анатолий Журавлев, Өңірлік мәселелер жөніндегі институттың бас директоры:

ІТ компаниялар да мәжбүрлі түрде кетіп жатыр, себебі үлкен жобаларды жоғалтып алады. Қазір Ресейлік ІТ компаниялар өз кеңселерін Қазақстанға көшіруде. Өйткені Қазақстанда көші-қон тәртібі қолайлы, бизнес жүргізуге жағдай жасалған, әрі экономика дамыған. Осылаша ІТ саласында жаңа жұмыс орындары ашылады.

Машина жасау саласында да ресейліктер Қазақстанға релокация жасауға ниетті. Мәселен, Ресейде жеңіл автокөлік құрастыратын 20-ға жуық компания бар. Олар кей бөлшектерді АҚШ, Еуропадан алатын. Сондықтан Қазақстанда автомобиль құрастыру арқылы қуаттылығын сақтап қалады. Он кәсіпорын қазірдің өзінде Қазақстанға көшуге дайын екенін білдірген.

Игорь Моржаретто, сарапшы:

Бұл «КамАЗ», «УАЗ» сияқты компаниялар үшін керек. «Урал» да өнімінің 90 пайызын АҚШ-қа сататын. Неге Қазақстан? Өйткені Қазақстанда автомобиль құрастыратын кәсіпорындар Қостанайда, Өскеменде бар, өзге қалалардың да әлеуеті жоғары. Экономика жағынан да Қазақстанға көшу тиімді. Ресейлік кәсіпорындар санкцияны айналып өтеді, Қазақстан үшін бұл жаңа технология мен жұмыс орындарын ашуға сеп болады.

Ел үкіметі алпауыт компанияларды қаржыландырып, шатқаяқтаған экономикалық жағдайды жақсартуға кірісіп жатыр. Ұлттық әл-ауқат қорынан 10 миллиард долларды жұмсамақ. Дегенмен билік өкілдері алдағы он жыл бойы Ресей санкциядан көз ашпайтынын мойындады.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу