Елордада Қазақстан өндірушілерінің «Ұлттық өнім» көрмесі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Қазақстан өндірушілерінің «Ұлттық өнім» көрмесі басталды

20.05.2022

Елордада Қазақстан өндірушілерінің «Ұлттық өнім» көрмесі басталды. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 350-ден астам кәсіпкер қатысып жатыр. 

Кәсіпкерлікті дамытуда сең қозғалып, тың бастамаларға жол ашылғанын аңғару қиын емес. Көрменің ауқымдылығы да осыны байқатып тұр. Бизнесін дөңгелетуге ынта білдіргендер көп. Қуантарлығы, өнім шығаруда ұлттық нақыш пен қазақы болмысқа басымдық беретіндер көптеп табылады.

Гүлнәр Қабидолдақызы, кәсіпкер:
«Тәуелсіздігімізді алғаннан бері қайтадан жаңғырып, осы ұлттық дүниелерді қолға алып жатырмыз. Соның бір несі – осы басқұр. Киіз үйдің ішіне сәндік үшін киіз үйлердің ішінде айқаспа бауларға пайдаланады».

Нарық талабы қатал. Бірақ одан із тауып, ілгері басып кеткендер көп. Көрме - соның жемісі, әлеуеттің айнасы. Киім-кешек, аяқ-киім, жиһаз, қолөнер бұйымдары секілді толып жатқан тауар түрлері көпшілік назарына ұсынылған. Ішкі нарықта сұранысқа ие өнімдердің кейбірі тіпті мұхит асып, өз тұтынушыларын тауып жатыр.

Тоқтар Біржанұлы, кәсіпкер:
«Ішкі жеңіл өнеркәсіпке аз да болса үлесімізді қоссақ деген оймен осы салаға кірдік. Миринос қойының жүнін іске асырып, қазір Қазақстанда жүн өнімдерінен шұлықтар, жастықтар, көрпелер жасап жіберіп жатырмыз. Америка, Канадаға экспорттадық. Россияға жебірдік».

Бизнесті қолдау – басым бағыттардың бірі. Үйлесімді жұмыстың нәтижесі де бар. Соңғы 5 жылда шағын- орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 35 пайызға жетті. Үкімет 700-ден астам инвестициялық жобаның пулын құрды. Олардың 286-сы импортты алмастырады. Биыл 165 жобаны іске асыру жоспарланған. Жалпы құны 2 трлн теңгеге жуықтайды. Осының аясында бизнес дамитын болады деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
«Сонымен бірге экономиканың тұрақтылығын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кәсіпкерлікті дамытуға әсер ететін факторларыдң бірі – импортты алмастыру болып табылады. Өндірістің қайта өңдеу саласындағы импорт өткен жылы 38 млрд долларды құрады. Бұл біздің отандық өндірушілерге өз ісін дамытуға және жаңа тауарлардың өндірісіне инвестиция бағыттау үшін үлкен мүмкіндік береді».

Үш күнге созылатын көрменің бағдарламасы да ауқымды. Келушілер «Халық таңдауы» дегустациялық конкурсына қатыса алады. Киім топтамаларының көрсетілімі ұйымдастырылады. Отандық кәсіпкерлер шетелдік әріптестерімен семинарлар өткізіп, келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу