Атырау облысындағы Қызылқоға ауданында «жусан жемірі» құрты жайылымды жайпап барады
Шығыстағылар қуаңшылықтан қауіптеніп отырса, Атырау облысындағы Қызылқоға ауданында «жусан жемірі» құрты жайылымды жайпап барады. Биылғы су тасқыны мен жауын-шашын дернәсілдің дамуына оңтайлы жағдай тудырды. Зиянкес жәндік екі ауылдың маңайына тарап, шаруаларды әбден әбігерге түсірген. Өңірге орталықтан арнайы барған жұмыс тобының мамандары зерттеу қорытындысын жариялады.
Ауданда зиянкес жәндіктің қаптағанына бір аптадай уақыт болды. Содан бері малшылардан маза кеткен. Дернәсіл жусанмен ғана қоректенеді. Көшкенде жолындағы қылтиғанды түгін қалдырмай жайпап өтеді. Ірі қара өсіріп отырған Жәнібек Араловтың иелігіндегі 200 гектер жерге зиян келген. Шаруа қыста төрт-түлігім шөптен тарыға ма деп алаңдайды.
Жәнібек Аралов, "Әнет" шаруашылығының басшысы:
Жақсы мен 200 гектарымды өзім улап тұрармын бірдеңе етіп. Ана жерде қосымша жер бар ғой. Ол және көшеді. Бұл жусан ертең келесі жылғы көк шыққанға дейінгі малдың қорегі. Қазақта сөз бар ғой жусаны жоқ жерді от деме деген. Сондықтан бұның зияндығы шегірткеден де қатты болып тұр.
Жусан жемірі құрты Қызылқоға ауданынан бөлек, Ақтөбе облысы мен өңірдегі Мақат ауданы аумағына дейін тараған. Жағдай әсіресе Сағыз және Мұқыр ауылдарында ушығып тұр. Сол жаққа арнайы барған жұмыс тобы дернәсілдің 800 гектардан астам аумаққа зиян келтіргенін анықтады. Бас-аяғы бес шаруаның жайылымдық жері оталған.
Әбина Қазиева, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты облыстық аумақтық инспекцияның өсімдіктерді қорғау жөніндегі бөлімінің басшысы:
Құрт 1-2 аптаның ішінде жусанға залалын келтіріп, әрі қарай қуыршаққа айналып, қыстауға кетеді.
Салаға жауапты мамандар үш жылдан бері қайталанып келе жатқан проблемаға шаруалардың өзін кінәлайды.
Бағдат Рүстемов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Шаруашылықтар егер үш жылдан бері қайталанған болса ұсыныстарын беруі керек еді. Ал фитосанитарлық болжам орталығы ол бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп, осындай жағдай болғызбайтын еді. Алайда өкінішке орай шаруашылықтар тарапынан көтермегендіктен, өз жеріне қарамағандығынан болып отыр.
Құжынаған құртпен күрес шаруалардың өз қаражаты есебінен жүргізілмек. Улау жұмысымен айналысатын мекемелердің ұсынатын бағасы да ұшынып тұр. Әр гектарына орташа есеппен 7 мың теңге. Енді, ауыл шаруашылығы басқармасы дернәсілді қауіпті зиянкескер қатарына қосу туралы ұсыныс әзірлеп, министрлікке жолдамақ. Өйткені жусан жемірі шегітке сияқты аса зиянды зиянкестер қатарына кірмейтін болып шықты.
Жандос Темірғали
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы