Қазақстан «Ұлы Жібек жолы» трансшекаралық туристік бағытын ілгерілетуге ниетті. Келешекте Каспий теңізі бойынша трансшекаралық теңіз круиздері сынды бірлескен жобаларды іске асырмақ. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Өзбекстан Республикасының төрағалығымен Ташкентте өтіп жатқан туристік ұйым басшыларының кездесуінде айтты. Жиынға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің өкілдері қатысты. Пандемия әлем бойынша туризм саласын ақсатты. Енді оны қайта жаңғырту міндеті тұр. Қазақстанның туристік әлеуеті зор. Бүгінде 74 ел визасыз кіре алады. Авиациялық шектеулер азайды. Логистиканы дамыту жоспарлары әзірленді. Түркістан-Ташкент-Самарканд-Бұқара бағытындағы туристік дәліздің ауқымы кеңейеді. Тізімге Тараз, Ақтау қалалары қосылуы бек мүмкін. Келешекте бұл бағыт Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдері арасында жалғасады.
Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Қазақстан табиғатының, ландшафтының және географиялық орналасуының арқасында трансшекаралық туризмнің әртүрлі түрлерін таныстыра алады: Тянь-Шань мен Алтай таулары, Каспий теңізіндегі круиздік аймақ, «Ұлы Жібек жолының» тарихи бөлігі. Туризмді ілгерілетуде ШЫҰ елдерімен бізде барлық қажетті шарттық-құқықтық база бар. Бүгінгі таңда мемлекеттеріміз арасында туризм саласындағы екіжақты қарым-қатынасты реттейтін 11 үкіметаралық келісім мен меморандум жұмыс істейді.
Тек 2019 жылға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерден 250 млн турист демалған. Жиында әуелі осы елдердің арасындағы туристік дәлізді жасақтау мәселесіне екпін берілді. Қазір бір емес бірнеше елге саяхаттау үрдісі сұранысқа ие. Өзбекстанның бұл ретте тәжірибесі мол. Туризм және мәдени мұра министрі бірқатар ұсыныстар айтты. Кездесу қорытындысы бойынша ұйым өкілдері «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы туризмді дамыту туралы келісімдер» жобасын мақұлдады.
Азиз Абдухакимов, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, туризм және мәдени мирас министрі:
Әлем халқының 44 пайызы осы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің тұрғындары. Демек туристік нарық үлкен. Біз Өзбекстан тарапы туристік бизнесті тарта отырып, талқылаулар өткізу, танымал туристік бағыттардың базасын жасақтау, Біріктірілген ортақ транзиттік бағыттарды бекіту, туризм индустриясын цифрландыру және бұл процеске ұйымға мүше елдердің жастарын тарта отырып, өзара тәжірибе алмасу мәселелерін ұсынамыз.
Раушан Сайлауқызы