Алматы облысының Текелі қаласында лайлы көшкінінен зардап шеккендерге түгел көмек беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Текелі қаласында лайлы көшкінінен зардап шеккендерге түгел көмек беріледі

16.05.2022

Алматы облысының Текелі қаласында лайлы көшкінінен зардап шеккендерге түгел көмек беріледі. Селдің кесірінен бірнеше үй бүлініп, бір баспана тұтас қирады. Көшкін кезінде қаза тапқан 5 жасар қыз осы үйде тұрған. Ал, Ақтөбеліктер екі күннен бері нөсер жаңбырмен алысып әлек. Көшелерді су басып, қалада көлік қатынасы қиындады.

Оқиға күндізгі 12-лер шамасында болған. Таудан аққан лай мен батпақ бір үйді жермен жексен қылса мына үйдің бел ортасына дейін жеткен.

Төтенше жағдай қызметкерлері жоғалып кеткен бес жасар қызды төрт сағат бойы іздеді. Ақыр соңында иісшіл иттің көмегімен баланың мүрдесін тапты. Зардап шеккен бірнеше адам қазір ауруханада. Олармен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Куәгерлердің айтуынша бәрі қас қағым сәтте болған.

Амангелді Жидебаев, Текелі қаласының тұрғыны:
Жер дүрсіл гүрсіл болып, көрішлер айқайлап терезесін қаққасын шықтық. Қарасақ үйге келіп қалған екен. Үйге ұрғанда бірақ білдік. Терезеден шығарып балаларды. Айналып үйге келсек мына үй жоқ.

Көшкін салдарын жоюға әскери бөлімінен 100 сарбаз келді. 30-дан астам арнайы техника қазір тоқтаусыз жұмыс істеуде.

Батыр Молдахметов, Текелі қаласының әкімі:
Бес отбасы эвакуацияланды. Басым бөлігі туыстарының үйіне орналасты. Екі егде адам ауруханада жатыр. Барлық қолдан келген көмек көрсетілуде. Баспана мәселесін де жақын арада қарастыратын боламыз.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу