Автонесие бағдарламасы халыққа қашан темір тұлпар тізгіндетпек?! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автонесие бағдарламасы халыққа қашан темір тұлпар тізгіндетпек?!

15.05.2022

Осы аптада «жеңілдетілген автонесие» бағдарламасы іске қосылуы тиіс еді. Бірақ тағы келесі жетіге шегерілді. Үкімет бағдарлама сәуірдің соңында іске қосылатынын айтып, 100 млрд теңге бөлді. Индустрия және Инфрақұрылымды Дамыту министрі Қайырбек Өскенбаев «6 мамырда қаражат өнеркәсіпті дамыту қорына аударылады, содан кейін олар бұл ақшаны Еуразиялық Даму Банкіне аударуы тиіс. Бұл – белгілі бір уақытты қажет ететін техникалық рәсімдер», — деген еді. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 1 мың адамға 250 көлік, ал дамыған елдерде 1 мың адамға 800 автомобиль тиесілі екен. Бағдарлама шарты бойынша Қазақстанда шығарылған 1 көлікке несие сомасы 10 млн теңгеден аспауы тиіс. Демек, үкімет бөлген 100 млрд теңге шамамен 10 мың автомобильге ғана жетеді. Яғни, осынша адам ғана көлікке ие бола алады. Соның өзінде бағдарламаның қайта-қайта кейінге шегерілуінде бір гәп бар шығар?! Кезекке тұрған азаматтар «салондарда көлік жоқ» деп отыр. Ал үкімет те, көлік өндіруші компаниялар да мұны мойындамайды. Оңғар Алпысбайұлының репортажы.

Диас Нұрақын жеңілдетілген автонесие басталады деп ести сала жаңа көлік алудың қамына кіріскен. Автосалондарға бірнеше рет барып, өзіне лайықтысын таңдап та қойды. Алайда, күн өткен сайын көлік алатыныма күмәнім артып барады дейді ол.

Диас Нұрақын, қала тұрғыны:
көліктерді 4 пайызбен тұрмақ қолма-қол алатын көлік жоқ ол жерде. Мәселен мен 575 болып тіркеліп кеттім кезекке. Былтыр тамыз айында тіркелгендерге әлі көлік тауып бере алмай отырмыз деп өздерінің қат-қат құжаттрарын, тізімдерін, журналдарын көрсетіп отыр.

Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрінің мәліметі бойынша өндіріс биыл тағы артқан.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Өткен жылдың алғашқы 4 айында 22 мың көлік өндірсек, биыл тура осы уақыт аралығында 30 мың көлік құрастырдық. Яғни, 8 мың данаға көп. Біздің есеп бойынша бұл да жеткіліксіз. Жеңілдетілген автонесиенің енгізілуіне байланысты зауыттарға өндірісті барынша арттыру бойынша тапсырма беріп отырмыз.

Иә, ресми дерек осылай. Ал шын мәніне келгенде көліктің көп өндірілетініне күмән бар дейді кейіпкеріміз.

Диас Нұрақын, қала тұрғыны:
Бұған мен өз басым сенбеймін. Өйткені мен салондарды барып, араладым, көрдім. Менеджерлердің өздері де 2,5-3 айда 30-40 көлік келсе келеді келмесе ол да жоқ. 1 жылдан бері елдердің кезекте тұрғанын айтып жатыр. Бұл министрдің жанындағы көмекшілердің немесе автоөндірушілердің беріп отырған жалған мәліметі.

Әуелде, бағдарлама енді қолға алынғанда құзырлы органдар сәуір айының соңына дейін қарапайым халық, арзан көлікті тиімді пайыздық мөлшерлемемен алады деп уәде берген. Кейін мамыр айының басында мерекелерден соң бастаймыз деп тағы созды.

Серікқалы Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
6 мамырға дейін біз жасыл дамудың қорындағы ақшаны аударып боламыз. Бұл ақша өндірісті дамыту қорына түседі. Содан кейін екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіруді бастай беруге болады.

Мамыр айының тура ортасы болды. Сағызша созылған бағдарламаның басталар түрі жоқ. Ал, автосалондар әлемдегі экономикалық тұрақсыздықты желеу етіп, бағаны өсіріп жатыр.

Диас Нұрақын, қала тұрғыны:
Мен наурыздың 31 күні өзім таңдап кеткен хендай елантра көлігі 9 млн 90 мың теңге болған сол кезде. Сәуірдің 30 күні бардым қайтадан. 900 мың теңгеге бағасын қымбаттатқан. Қазір 9 млн 990 мың теңге. Қосалқы бөлшектердің жеткізілуі, доллардың қымбаттауы, тасымалдың қымбаттауына байланысты біз де бағаны көтеруге мәжбүр болдық дейді. Доллардың 520 ға дейін көтерілгенін білеміз, Ал қазір 430-440 теңгеге түсіп кетті. Ал олар бағасын түсірген жоқ. Сол қалпын сақтап қалды.

Жаңа автомобильдердің тапшы болуы ескі көліктердің саудасын қыздырып тұр. Автосалондар трейд ин арқылы өзінің ескісін өткізетіндерге ерекше басымдық береді. Алып сатарлар да тапшылықты барынша пайдаланып қалуда. Су жаңа көлікті сатып алады да бірнеше жүз мың теңгеге қымбаттатып, екінші нарықта сатуға қояды. Айлап кезекте тұрғысы келмейтіндер амалсыз сол көлікті сатып алады.

Жалпы жеңілдетілген несие қарапайым халық үшін тиімді ме деген сұраққа тоқталайық.

Сапарбай Жобаев, экономист:
Қазір бізде сәл дұрыс емес пікір кетіп жатыр. Қазақстандықтардың мойнында несиесі көп деген. Мен айтар едім жоқ, көп емес деп. Мына батыс елдерінде жалпы өмір несиемен өтеді. Жалдамалы үйлерде тұрып, жасай береді.

Дегенмен пайзы төмен, тиімді екен деп несиені бас көз жоқ ала берген де дұрыс емес. Алдымен, әркім сапалы есеп жүргізуі міндет. Аса қажет емес нәрсе үшін қарыз рәсімдеген дұрыс емес. Сонымен қатар, ай сайынғы төлем табысыңның жартысынан аспағаны дұрыс дейді экономист.

Сапарбай Жобаев, экономист:
Қазақстандықтардың біз айтамыз ғой 55-60 пайызы орташа бұл тамаққа кетіп жатыр деп. Үй жайға төлеуге 20-30 пайызы қалса 20-30 пайыз ғана деген дисконттау деген нәрсеміз бар. Тамаққа ақшаң жетпей тұрса онда кешірерсің онда көлікке я болмаса онджайға тәуекелге бармауың керек. Сен ойлайсың мен көлікті алам да көшеде адамдарды тасып, табыс табамын деп. Сенің көлігің бір кездейсоқ жағдайға ұшырап қалса қайтесің?

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу