Мамырдан бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстер саны 2 есе өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамырдан бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстер саны 2 есе өсті

15.05.2022

«Ұлттық код» деп жатамыз ғой, оған әр халықтың генезисі, тілі мен ділі, діні мен тарихи жады, жалпы, тұтас болмысы жатады. Қос халықтың тарихи жадында сақталған басты екі оқиға бар. Түріктер қазақ жерін «атажұртымыз» деп дәріптесе, біз Анадолыны «өткен ғасырда Кеңес үкіметінің қысымына көнбей, қоныс аударған аталарымызды қабылдады» деп құрметтейміз. Алтайдан Анадолыға дейін созылған адамзат тарихындағы ең ұзақ әрі ауыр көш еді. Он мыңдаған қазақ Алтай асып, тұзды шөл Такламакан мен Гималайдан әрі өтіп, Үндістан мен Пәкістанға жетеді. Кейін Түркияға табан тірейді. Сөйтіп, 6 мың шақырымды еңсереді.Осындай терең байланысы бар бауырлас халықтар бүгіндері «кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деңгейіне жетті. Саяси, экономикалық, әскери, жалпы, ең маңызды деген барлық сала бойынша жаңа келісімдер жасалды. Мамырдың 13-нен бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстер саны 2 есе өсті. Бұрын аптасына ұшақтар 61 рет ұшса, енді 124 рейс жасалады. Геосаяси, геостратегиялық ахуал ушығып тұрғанда Түркиямен қатынасты нығайтуымыздың мәні де түсінікті. Данияр Қайыртайдың репортажы.

Ағылшын саясаткері Черчилль айтты делінетін «Біздің мәңгі одақтасымыз да, жауымыз да жоқ. Тек мүддеміз ғана – мәңгі» деген тәмсілі бар. Негізі кез келген ел үшін солай. Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығы нығая түсті дегенде де бұған қандай мүдде итермелегенін ойлау керек шығар. Әсіресе әлемде күрделі геосаяси ахуал орнаған тұста қай тарап қандай мүмкіндікті қалт жіберіп алғысы келмейді?

Жанат Момынқұлов, Халықаралық сарапшы, шығыстанушы:
Түркия біздің сыртқы саясаттағы иерархиямызда алғашқы қатарлардан емес. Біз қаншалықты Түркияны елемесек те, бірақ жеме-жемге келгенде, керек кезде біз Түркияны іздеп қаламыз. Түркия біздің сыртқы саясатымызда тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін бірден-бір фактор. Өйткені оның бір жағынан батыспен байланысы бар, НАТО-ға мүше және Таяу Шығыста өзіндік орны бар.
 Ислам Кураев, саясаттанушы:
Қазақ қоғамы Түркияны Ресей мен Қытайға балама ел ретінде қарастырады. Жалпы түркі халықтарында бауырды қолдау идеясы бар ғой. Бауырластықты кез келген басқа қарым-қатынастан жоғары қоямыз. Бұл соның көрінісі. Оның үстіне Украинадағы ахуал Түркиямен одақтасу идеясын өрбіте түсті. Қазақ қоғамы қандайда бір жағдайда Түркияға арқа сүйеуге болады деп ойлайды.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар» қорының президенті, Қазақстанның Түркиядағы елшісі:
Түрік жағынан Қазақстанның үлкен нарығы, табиғи қазба байлықтары, инвестициялық мүмкіндіктер, транспорттық мүмкіндіктер бірінші кезекте назарға алынады. Қазақстан тұрғысынан да Түркияның тоғыз жолдың торабында орналасқан, үш теңізбен ұштасқан, бір жағында Еуропа, бір жағында Азия, бір жағында Таяу Шығыс, Ақ теңіз арқылы Африка елдерімен, сондай стратегиялық жерде орналасқандықтан Түркия біз үшін де үлкен нарық, көліктік-логистикалық мүмкіндік.
Жанат Момынқұлов, Халықаралық сарапшы, шығыстанушы:
Дәл қазір бізге логистика мәселесін шешу керек болып тұр. Қазақстанның мұнай тасымалы және басқа да жолдары Ресей арқылы жүреді. Біз географиялық қақпанда тұрмыз. Біз сыртқа шығу жолдарын іздеуіміз керек. Мейлі ол Үндістан, мейлі Кавказ болар, мейлі Иран, Қытай. Өйткені геосаяси жағдай көрсетіп отыр, біз сыртқа шығатын жол іздемесек, біздің экономикамызға проблема болады.

2009 жылы «стратегиялық серіктестік» деңгейіне жеткен екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасы 13 жылдан соң «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» кезеңіне көтерілді. Қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Былтыр ғана 680 млн доллар тікелей инвестиция құйған. Бұл – рекорд. Енді құны 1,3 млрд доллардан асатын 54 жаңа жобаға кіріспек. Одан бөлек түрік инвесторларына бағалы және түсті металды геологиялық барлау бойынша дайын тұрған 5 жобаны іске асыру ұсынылды.

Жанат Момынқұлов, Халықаралық сарапшы, шығыстанушы:
Кеше Президент Тоқаев Түркияға барған кезде бірқатар ірі холдингтердің басшыларымен кездесті. Әсіресе, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс сияқты салаларда түрік компаниялары жұмыс істеп жатыр және оларды тарта беру керек деп ойлаймын. Олардың потенциалы мол.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар» қорының президенті, Қазақстанның Түркиядағы елшісі:
Қазақстан мен Түркияның арасында орналасқан басқа да мемлекеттердің ынтымақтастығы арқасында транскаспий дәлізін одан әрі дамыту, одан әрі тереңдетуге үлкен мүмкіндік ашылып отыр. Әскери саладағы қарым-қатынас дамуда. Қазақстаннан барған осы уақытқа дейін 100-ге жуық курсантымыз білім алды, қазір 45 курстан білім алып жатыр. Ортақ әскери жаттығулар өтіп жатыр.
Жанат Момынқұлов, Халықаралық сарапшы, шығыстанушы:
Кеше Ердоғанның сөзінде де «біз Қазақстанның тыныштығы, қауіпсіздігі, бейбітшілігі үшін жауапкершілігіміз бар» деген сияқты сыңайда сөз айтты. Түркияның қару-жарағы бүкіл әлемге танымал қазір. Украинада, Әзербайжанда, Сирияда сынақтан өтті. Кешегі АНКА ұшқышсыз ұшақтарының Қазақстанда құрастырылуы туралы шешім – үлкен жаңалық.

Былтыр ғана Түркі кеңесі жаңа деңгейге көтеріліп Түркі мемлекеттерінің ұйымына айналды. Ал осы наурыздың соңында, яғни Украинадағы ахуал ушығып тұрған шақта Түркия Президенті ресми сапармен Өзбекстанда болған. Енді біздің Президент Түркияға барып қайтты. Осыны кей сарапшылар түркі әлемі интеграциясының жаңа кезеңінің бастауына балайды. Мұндай пікірге негіз бар ма?

Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар» қорының президенті, Қазақстанның Түркиядағы елшісі:
Түркі мемлекеттері ұйымы әртүрлі бағытта ынтымақтастығын жалғастырып жатыр. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және т.б. Бұның келешегі қандай болады – уақыт көрсетеді. Еуропа одағы құрылған кезде көмір интеграциясынан басталған үрдістің осындай үрдіске жалғасарын ешкім болжамаған болар...
Оғызхан Акиенер, «Тепсам» саяси-экономикалық зерттеулер орталығының басшысы (Түркия):
Жылдам өзгеріп жатқан геосаяси жағдайда Орталық Азияның маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Себебі Украинадағы қазіргі ахуал Ресейдің аймақтағы ықпалын азайтты. Қазір Ресей экономикалық тұрғыда кем дегенде 10 жылға артқа кетті. Келешекте Америка мен Қытай арасындағы текетіреске куә болуымыз мүмкін. Осы орайда түркі елдері бір-бірімен байланысын нығайта түсуі керек.
Ислам Кураев, саясаттанушы:
Біз интеграциялық үдерістер жағынан сан соғып қалған елміз. Сондықтан біз Түркиямен де қарым-қатынасымызға сақтықпен қарайтын сияқтымыз. Бірақ бірнеше факторды ескеруіміз керек. Біріншіден, біздің ортақ шекарамыз жоқ және Қазақстан аумағында Түркияның әскери базалары орналаспаған. Екіншіден, екі елді ортақ тарих біріктіреді, тіл ұқсас және мәдени байланыстар берік, яғни ешқандай қарама-қайшылық жоқ, біріктіретін құндылықтар көбірек.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу