Кеңейтілген стратегиялық серіктестік: Қазақстан-Түркия - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеңейтілген стратегиялық серіктестік: Қазақстан-Түркия

15.05.2022

Суреттерді сөйлетіп көрелік, әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаевты Түркия вице-президенті Фуат Октай қарсы алды. Ұшақтан түсе сала жылы құшақ, жоғары деңгейдегі құрмет пен протоколға сай сән-салтанат. Маңызды деталь: президентпен бірге министрлер кабинеті түгел дерлік ұшып барған. Иә, бұл жолы құрам да, ұшақ та үлкен. Журналист Виктор Бурдин фейсбукте Airbus A330-дың тағдыры мен бағытын бұрыннан бақылап жүргенін жазып, соңғы рет бұл лайнермен Нұрсұлтан Назарбаев 2021 жылдың желтоқсанында Санкт-Петербордағы саммитке барғанын айтады. Ал Тоқаев Түркияға дейін шағын Airbus A321-бен ұшып жүрген.

Спорттан да саясат іздеп, Тоқаев пен Ердоғанның үстел теннисін ойнағанын жарыса жариялағандар аз болмады. Енді бірі біздің президенттің галстугіне қызықты. Жалпы, бұл бұйымның түсіне қарап, астарын ұғу саясатта бұрыннан бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың зүмірет түстес галстугы «өзіне сенімді, келіссөзге дайын әрі ашық, достық пен дәстүрді дәріптейтін» деген ишара екен. Оны кейін қос басшы пинг-понгты 9:9 есеппен тоқтатып, түйіндей түскендей. Демек, достық жеңді. Әр сөзінде қазақты «бауырым» дей келе Режеп Тайып Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан құру идеясын да қолдайтынын айтты. Осы орайда Түркия мемлекетінің реформаторы, саяси және әскери қолбасшысы Мұстафа Кемал Ататүріктің мынадай сөзі ойға келеді: «Жаңа мемлекет құру үшін бұрынғының іс-әрекеттері жайлы ұмыту керек». Ұстанымдары ұқсас па екен?! Қасым-Жомарт Тоқаев Түркиядағы сапарын Ататүрік кесенесіне зиярат етуден бастады. 

Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия еліне жасап отырған алғашқы мемлекеттік сапары. Әлбетте қазақ басшысы Анадолы еліне бұған дейін де бірнеше мәрте ат басын бұрып, түрлі жиындарға қатысқан. Алайда бүгінгі келуінің жөні бөлек. Оның үстіне қазіргі жер-жиһандағы геосаяси ахуалдың күрделеніп, экономикалық байланыстар қиындаған тұста бұл сапардың маңызы салмақты. Алыс-жақын елдер де бауырлас елдердің байланысына мұқият назар аударып отқаны жасырын емес.

Еліміздің нөмірі бірінші борты «AirBus A330» сейсенбі күні Анкара әуежайына қонды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия жеріне аяғы тиісімен ең бірінші «Анытқабір» мавзолейіне барды. Мұнда түрік ұлтының ұлы тұлғасы Мұстафа Ататүрік мәңгілік жай тапқан. Президент Ұлы қайраткердің рухына тағзым етті.

Атты әскер, сесті әуен, ежелгі батырлар бейнесіндегі сардарлар. Мәртебелі қонаққа ең жоғары сый-құрмет. Салтанатты шара екінті уақытына қатар келіп қалды. Президенттер азан үнімен қатар жүрді.

Бұл жолы Түркияға Қазақстан делегациясы кең құрамда келді. Ердоған сәлемдесу шарасы кезінде министр Бағдат Мусинге тоқтап, ұзақтау сөйлесті.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Ердоған менің жасымды сұрады. Жасымды айтқан кезде ол таңқалды. Бірінші қазақша бастадық. Кейін түрікше бір-екі ауыз сөйлестік. Келіссөздер бауырластық пен тілектестік мазмұнда өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бірден Түркияны Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктесі санайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Түркия – біздің тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған ел. Оны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Қазақстан –Түркиядан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді.

Келіссөздер нәтижесінде 15 маңызды құжатқа қол қойылды. Олар әскери, сауда, мәдениет, экономика және басқа да салаларды қамтиды. Жер-жиһандағы геосаяси ахуалдың күрделенгенін ескерсек қорғаныстағы ынтымақтастық аса маңызды. Қос елдің Украиндағы қақтығысқа байланысты ұстанымы бір. Текетірес неғұрлым тезірек бейбіт жолмен шешілуі керек.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:
Қазақ бауырластарымыздың тұрақтылығы, тыныштығы және қауіпсіздігі үшін біз жауапкершілігіміздегі нәрселерді жасауға дайын екенімізді тағы бір рет атап көрсетемін. Әрі саяси, әрі сауда жағынан, әскери, экономикалық, мәдени жағынан барлық салада осы ұйымшылдығымызды жалғастырып, болашаққа иықтасып мықты қадам басамыз деп ойлаймын.

Осы сапардағы тағы бір маңызды уағдаластық. Қазақстанда енді түріктің ANKA әскери дрондары құрастырылады. Бұл қуаты жағынан «Байракатардан» еш кем түспейтін қару. Тіпті кейбір тұсында артықшылығы да бар. Қазақстанда осы дрондарды басқаратын ұшқыштар дайындау және жөндеу жұмыстары да қатар жүреді. Бұдан бөлек білім саласында да ынтымақтастық күшеймек.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі:
Алдымызға қойылған мақсат бұл екі есеге көбейту. Он миллиардқа дейін жеткізу. Қазіргі күні біз байқап отырмыз экономикалық саясат өзгеріп отыр, экономикалық география өзгеріп жатыр. Біздің транзиттік мүмкіндігімізді арттыруға мүмкіншілік беріп отыр.

Сапардың екінші күні Президент Түркияның ірі бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлерді қандай сұрақ мазалайтынын сұрады. Бүгінде Түркия Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің қатарына кіреді. Екі ел арасындағы алыс-беріс былтыр 5 миллиард долларды құрады. Біздің елде 4 мыңдай түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жүр. Құны 2 млрд доллар болатын 61 ірі жоба жүзеге асты. Бұл әрине Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалдың жемісі. Президент кәсіпкерлерді транскаспий дәлізін дамытуға шақырды. Әлемдегі соңғы жағдайлар бұл жолдың маңызды екенін көрсетіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Транскаспий дәлізіне Құрық теңіз айлағы қосылған соң Қорғастан Стамбулға жүк тасымалдау уақыты 5 есеге қысқарды. Бұрын 60 күн жүретін жүк қазір небәрі 13 тәулікте жетеді. Біз мұнайды Қытай мен Еуропаға экспорттау жолдарын әртараптандыруды қолға алдық. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бастадық. Мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұмысы басталды.

Бизнесмендер Қазақстандағы жобаларға мол қаражат құяға даяр.

Хусейн Аслан, Түркиялық кәсіпкер:
Қазақстан бізбен бауырлас болғанынан бөлек, инвесторларға ең қолайлы жағдай жасап отырған елдердің бірі. Біз бүгінде Қазақстанда Түркістан және Ақтау халықаралық әуежайлары және үш аурухана салуға 2 млрд доллар инвестиция құйып отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторлармен кездесуі біз сияқты кәсіпкерлерді Қазақстанмен жұмыс істеуге ынталандыруда. Инвестиция құю саласында тәжірибесі аз кәсіпкерлерге де жол көрсетіп отыр.

Президент сапары аясында екі елдің компаниялары жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын 30 құжатқа қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев жасалған келісімшарттардың толық орындалуын өзінің жеке бақылауында болатынын айтып, түрік бауырларды Қазақстанға белсенді инвестиция құюға шақырды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу