Халықаралық сарапшылар: Туберкулез жұқтырғандар қатары артуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық сарапшылар: Туберкулез жұқтырғандар қатары артуы мүмкін

13.05.2022

Халықаралық сарапшылар «алдағы екі жылда туберкулез жұқтырғандардың саны 5% -дан 10%-ға дейін өсуі мүмкін» деп, дабыл қағуда. Бұған себеп, коронавирус инфекциясының әсері. Десе де, біздің елде құрт ауруымен күрес оң нәтиже бере бастаған. Отандық ғалымдардың мәліметінше, 2015 жылы 10 мың адамнан туберкулез анықталса, былтыр бұл көрсеткіш 6800-ге дейін азайған. Соңғы 5 жылда 100 мыңнан аса науқас толық жазылып шыққан.

«Туберкулез жұқпалы дерт болғандықтан, одан қорқатындар көп» дейді мамандар. Ауру ерте анықталса, соғұрлым жазылуы да тез. Дертін жасырып, дер кезінде қаралмағандар немесе ем алуды үзгендер туберкулездің дәріге төзімді ауыр түріне шалдығады. Оның салдары ауыр. Сонымен бірге дәрігерлер дәрі қабылдауды бастаған науқас, төңірегіндегі адамдарға ауру жұқтырмайтынын да ескертеді.
Нагүл Жазыбекова, ҚР ДСМ Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығының департамент басшысы:
 Амбулаторлық түрде кез келген науқас ем ала алады. Егерде оның қақырығында бактерия бөлу болмаса. Яғни өзін қоршаған адамдарға қауіп қатер төндірмесе. Ал, егерде қақырығында бактерия бөлу анықталған болса, бактерия бөлу тоқтағанша стационарда ем қабылдауы керек. Әлемде қандай дәрі-дәрмек бар, соның бәрі біздің науқастарға қолжетімді. 
Қазақстанда туберкулездің алдын-алу, диагностикалау және емдеу тегін. Ауруды ерте кезінде анықтау үшін халықаралық стандарттарға сай келетін, 128 дана ДженЭксперт аппараты жұмыс істейді. Мұндай генді молекулярлы технология арқылы, ауру таяқшаларын 2 сағат ішінде анықтауға болады. Қазір бұл құрылғылар барлық аудандық ауруханаларда бар.

Хабарламаларға жазылу