Ақтөбелік студенттер күндізгі бөлімде оқуға қарсылық білдіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік студенттер күндізгі бөлімде оқуға қарсылық білдіруде

12.05.2022

«Офлайн» оқуға қарсымыз! Екі жылдан бері қашықтан білім алып жүрген ақтөбелік студенттер қайтадан күндізгі бөлімге ауысуға қарсы шықты. Әу баста білім ордасының басшылығы бұлай болатынын айтпады, дейді олар. Оның үстіне оқу ақысы да қымбаттайтын көрінеді. 

Бұл - «Дене тәрбиесі пәні мұғалімі» мамандығында оқитын студенттер. Жалпы саны 150-ге жуық. Олардың көбі мамандықтары бойынша қызмет етіп жүр. Тіпті, кейбірінің 15-20 жылдық еңбек өтілі бар. Сондықтан, жұмысымыздан айрылып, соңғы оқу жылын күндізгі бөлімде оқудың не қажеті бар, дейді.

Ғалымжан Төлеуов, студент:
«Біздің бірінші талабымыз – қалай оқуды бастадық, солай сырттай бітсе екен дейміз. Мұғалімдер бар, вахтада жұмыс істеп жатқандары бар, олардың барлығына қиын. Ауылдық жерден экзаменге келе алмай жатқандары бар, мысалы. Дистанционно деп айтты, иә, біз бұл жаққа экзаменге ғана келу керек болғанбыз. Қазір бәрі өзгеріп жатыр».

Студенттердің көбі алыс ауылдарда тұрады. Тіпті, көршілес облыстардан келіп оқып жүргендері де бар. Білім ордасының басшылығы биылдан бастап оқу ақысы да қымбаттайтынын айтқан.

Жансая Алтынбекқызы, студент:
«Сонау Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосынан келіп отырмын. Менің алты балам бар. Соларды тастап кетіп, осында келіп оқуға қарсымын. Төлемақымыз біздің 200 мың ғой, сол 200 мың 3 жылға дейін қалсын деп талап етемін».

Бұл жағдайға қатысты университет басшылығының айтар өз уәжі бар. Келісім-шарт бойынша білім ордасы студенттерді күндізгі бөлімге шақырып, оқытуға құқығы бар. Әрі елдегі эпид ахуал да қалпына келді. Оның үстіне министрлік тарапынан білім сапасына бақылау болады, дейді.

Рақым Бекназаров, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ проректоры:
«Қалып отырғаны он ай ғой. Соның бес айын бұлар күндізгі бөліммен бірге келіп оқуы керек. Қалған бес айында бұларда практика. Сондықтан, бүкіл отбасының, семьясының, өздерінің жағдайын соған бейімдеу керек. Тестті өту үшін білім сапасын көтеріп жатырмыз. Істеп отырған істеріміздің бәрі сол білім сапасын көтеру мақсаты».

Мұнда қашықтықтан оқып жүрген мыңға жуық студент бар. Университет басшылығы директорлар кеңесінде олардың оқу ақысын қайта ақылдасуға ғана уәде берді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу