Нан қалдығынан мал азығын әзірлейтін әлеуметтік жоба қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нан қалдығынан мал азығын әзірлейтін әлеуметтік жоба қолға алынды

13.05.2022

Нан қалдықтары қайта кәдеге асады. Тек өз аулаңыздағы арнайы жасыл бөшкелерге тастасаңыз болғаны. Әлеуметтік жоба бір ай бұрын қолға алынды. Жыл соңына дейін нан қалдықтарын салатын екі мыңға жуық контейнер қаланың барлық аудандарына қойылады. 

Нан қалдықтары осы цехта қайта өңделіп, төрт-түлікке жем дайындалады. Әлеуметтік жобаны кәсіпкер биыл сәуір айында бастапты. Өзі бұрын азық-түлік жеткізіп, ұн өндірумен айналысқан. Ас атасының талай ысырып болғанын көрген ол, нан қалдықтарын пайдаға жаратуды жөн көріпті.

Руслан Уббиниязов, кәсіпкер:

Өзіміз мынау қоқыста күнде нан жатқандарын көріп жүргеннен кейін, сол идеяны қолға алу өзімізге бір мақсат болды. Қазіргі уақытта жұмыс істеп бастадық. Жинап келген қалдықтардан 98 пайыз өнім шығады.

Дархан Рахымжан, тілші:

Нанды қайта өңдеу анау айтқандай қиын процесс емес. Әуелі бөшкелерден жиналған қалдықтар осы жерде сұрыпталады. Көгергендері бөлек салынады. Кейін мына шетелдік аппаратта ұнтақталып, 30-40 минуттай кептіріледі. Сосын арнайы машинадан өтіп, төрт-түлікке қажет мынадай жем алынады.

3 күн сайын 600 келідей нан қалдығы жиналып, цехтан тәулігіне 1 тоннадай жем өндіріледі. Құрамына қосымша кебек пен бор қосылады.

Дархан Рахымжан, тілші:

Құрама жемнің құнары бидайдан еш кем емес. Сапасы мен құрамы зертханада тексеріліп, мақұлданған. Бұл жемді мал бордақылайтын сонымен қатар балық өсірумен айналысатын шаруашалықтар алады.

Обал мен сауаптың қадірін білетін қазақ үшін керек бастама. Әрі оның артында эко-мәдениет ұғымы да жатыр. Тек әр тұрғын қоқыс шығарарда сұрыптап, белгіленген контейнерлерге салуы тиіс. Алайда бөшкелерді қоқыс жәшігімен шатастырып, тұрмыстық қалдықтарды тастайтын тұрғындар да жоқ емес.

Руслан Уббиниязов, кәсіпкер:

Негізі біз жазып қойғанбыз көріп тұрсаңыздар нан қалдықтарына деп. Ол жерде енді бешбармақ та жатады, макарон да жатқаннан кейін соны халық көбіне түсінбей жатыр. Соның бәрін бірге салып жіберіп жатыр.

Эльвира Вахитова, қала тұрғыны:

Қойылғанына осы бір айдай болған шығар. Өте керемет қабылдады бүкіл тұрғындар. Біз өзіміз осы үйде тұрамыз. Бұрын нанды жалпы қоқыс жәшігіне салатын едік. Бүкіл мусорымен бірге. Қазір енді бөлек. Нанды лақтыруға обал ғой, сондықтан өте жақсы болды.

Әзірге мұндай бөшкелер Байқоңыр және Есіл аудандарындағы тұрғын үйлер маңына орналастырылған. Жалпы саны алты жүзге жуық. Әкімдік әлеуметтік жобаны қолдап отыр. Алдағы уақытта қаланың барлық аудандарына қойылмақ.

Дархан Рахымжан

Хабарламаларға жазылу