Тексерістен өткізетін құрылғылар істемейді. Ал елімізде терінің бұл қатерлі ісігіне 2400-ге жуық адам душар болған. Отандық дәрігерлер ота жасауға қауқарлы болғанымен, дәрімен қамтамасыз ете алмай отыр. Мәселенің мән-жайын әріптесім Қонысбек Терекұлы анықтап көрді.
Меланома – терінің қатерлі ісігі. Мұндай дертке шалдыққандардың бірі Анна Лиьско. Зейнеткер. Алғашында сол жауырынына болар-болмас қара дақ шыққанын байқайды. Кейін абайсызда қанатып алып, емханаға барады. Тексерістен соң, меланома, екінші сатысы деп диагноз қойылады. Екі рет ота жасалып, ісік алынады. Қазір дәрінің күшімен жүр.
Анна Лисько, Есік қаласының тұрғыны:Дәрілер өте қымбат. Мен қазір екі түрлі дәрі ішемін. Бағасы 3 млн 600 мың теңге тұрады. Препаратты ай сайын алуға тура келеді. Ішіп жүргеніме 3 жыл болды. Дәрігерлерге алғысым зор. Дәріні уақытылы алып тұрамын. Алайда дәрі тапшылығы бар. Бастапқы сатыдағылар үшін дәрі табылады. Бірақ ауруы асқындарға дәрінің табылуы өте қиын.
Опдиво және Ервой табылмайтын дәрілер. Бұл препарат қазір екі науқасқа қажет. 16 мың доллар тұратын дәріні үш жылдан бері ала алмай жүр. Ал дәрігерлердің болжамынша, болашақта бұл дәріге мұқтаждар саны көбеймесе, азаймайды.
Әл-Фараби Құрманалиев, Қазақ онкология және радиология институты тері ісіктері бөлімшесінің онколог-дәрігері:Логистикалық проблемалар болып қалады. Сондай кездерде бір проблемалар болған шығар. Ал соңғы үш жылда дефицит деген дәрімен ешқандай мәселе туындаған жоқ.
Науқастарға арналған желіде отыратын Диляра Қайдарова қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтын басқарады. Орталық басшысы осыдан бір ай бұрын елордада өткен брифингте осы мелонама ауруы мен дәрі тапшылығына қатысты жауап берген еді.
Диляра Қайдарова, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры:Британиялық компанияның 15 жыл бұрын Қазақстан нарығынан кетіп қалуы себепті, біз бұл дәріні ала алмай отырмыз. Бұл препарат біздің елде тіркелмеген. Дәріні елге әкелу тиімсіз. Өйткені сұраныс жоқ. Жан-жақты байланысқа шығып, тасымалдаушыларды іздеп жатырмыз.
Бұл қатерлі ісікке шалдыққандардың тағы бір базынасы аппараттар мен томографиялар жиі сынады. Сол себепті де науқастар айлап-жылдап кезек күтеді.
Анна Лисько:Үш ай кезек күтіп, кезегім келді-ау дегенде аппарат тағы да істемей қалды. Мен енді тамыз айына дейін тағы күтуім керек.
Қазақстанда меланомаға шалдыққан 2400-ге жуық адам есепте тұр. Қатерлі ісіктің бұл түрімен күреске жыл сайын 6 миллиард теңге бөлінеді. Алайда ауруы асқынған бар-жоғы екі науқас қажет дәріге қол жеткізе алмай отыр. Ал осы диагноз жылына кем дегенде 400-ге жуық адамға қойылады.
Қонысбек Терекұлы