Анкарада Қасым Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қазақ-түрік кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада Қасым Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қазақ-түрік кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтуде

11.05.2022

Мемлекет басшысының Түркияға мемлекеттік сапары жалғасып жатыр. Бүгін Анкарада Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қазақ-түрік кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтуде. Жиын қорытындысы бойынша құны 1 млрд доллардан асатын бірнеше тиімді инвестициялық жобаға қол қойылады деп күтілуде. 30 жылдан бері алыс-берісі үзілмеген екі елдің кәсіпкерлері тиімді бизнес байланыстарды әрі қарай да жалғастыра бермек ниетте. Бизнес форумға дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жылдар бойы қомақты инвестиция құйып келген түріктің ірі инвесторларымен жеке-жеке кездесіп, алдағы жоспарларын тыңдады. Қазақстанда инвесторларға жасалып отырған қолайлы климат туралы айтты. Өз кезегінде кәсіпкерлер екі ел арасындағы сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізу межесін орындауға күш салатындарын жеткізді.

 Хусейн Аслан, түркиялық кәсіпкер:
Қазақстан бізбен бауырлас болғанынан бөлек, инвесторларға ең қолайлы жағдай жасап отырған елдердің бірі. Біз бүгінде Қазақстанда Түркістан және Ақтау халықаралық әуежайлары және үш аурухана салуға бас-аяғы 2 млрд доллардан аса инвестиция құйып отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторлармен кездесуі біз сияқты кәсіпкерлерді Қазақстанмен жұмыс істеуге ынталандыруда. Инвестиция құю саласында тәжірибесі аз кәсіпкерлерге де жол көрсетіп отыр.
Президенттің Түркияға алғашқы мемлекеттік сапарына біздің елден ауқымды делегация барды. Олардың қатарында бірнеше министр мен мемлекеттік компания басшылары да бар. Кеше екі елдің басшылары мен Үкімет мүшелері кеңейтілген құрамда кездесіп, 15 екіжақты келісімге қол қойды. Олар саяси, экономикалық, әскери және ақпарат салаларын қамтиды.

Сондай-ақ Қасым Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанды қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысуға шақырды.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу