Мемлекет басшысының Түркияға сапары: 15 түрлі құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының Түркияға сапары: 15 түрлі құжатқа қол қойылды

10.05.2022

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Мамыр мерекелерінен кейін Қазақстан Президенті Реджен Тайып Ердоғанның арнайы шақыруымен Түркия еліне ат басын бұрды. Ел тізгінін ұстағанына 3 жылға жуықтаса да бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анадолы жеріне жасап отырған алғашқы «мемлекеттік» деген статусы бар сапары. Әлбетте, бұған дейін де Президент бауырлас елге бірнеше мәрте келіп, түрлі жиындарға қатысқан. Дегенмен бүгінгі сапардың жөні бөлек. Оның үстіне жер-жиһандағы геосаяси ахуал күрделеніп, экономикалық байланыстар қиындаған тұста оның мән-маңызы артып отыр.
Жаңа Қазақстан бағдарын айқындаған біздің ел үшін бауырлас Түркия елімен тығыз қарым-қатынас аса маңызды. Егемен ел екенімізді ең алғаш мойындаған түрік ағайынмен алыс-берісіміз, барыс-келісіміз баршылық. Дегенмен бұған әсте тоқмейілсуге болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға сапары қазақ-түрік байланысының жаңа парағын ашып отыр.

Мемлекет басшысы түрік жеріне аяғы тиісімен ең әуелі Анытқабір мавзолейіне барды. Бұл жерде түрік ұлтының ұлы перзенті Мұстафа Кемаль Ататүрік мәңгілік жай тапқан. Анадолы халқы үшін бұл жердің маңызы ерек. Тарихтан тағылым алмай ешбір мемлекет те алға жылжыған емес. Президент түрік ұлтының ұлы перзенттеріне тағзым етіп, құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Осыдан кейін Мемлекет басшысы Түркия президентінің резиденциясы Кулиеге келді. Міне дәл қазір менің артымда президенттерді қарсы алу үшін құрмет қарауылы сап түзеп, соңғы дайындықтарды пысықтап жатыр.
Атты әскер, салтанатты әуен, ежелгі батырлар бейнесіндегі сардарлар. Реджеп Тайып Ердоған мәртебелі қонақты сән-салтанатымен қарсы алды.
Президент сарайы 2014 жылы бой көтерген. Қуатты елдің ауқымын айқындап тұрғандай. Алып ғимарат Вашингтондағы Ақ үйден 50 есе, ал Кремль, Буккингем, Версаль сынды сән-салтанаты жарасқан сарайлардан 3 есе үлкен.

Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Анкараға бір шоғыр министрлер мен түрлі саланың өкілдері келді. Делегация құрамы кең. Бұл түсінікті де. Себебі қос мемлекеттің әлі көптеген салаларда байланысты кеңейтуге мүмкіндігі зор. Президенттер әуелі екеуара әңгімелесіп, дәстүр бойынша сауда-саттық, экономика, мәдени салалардағы байланыстарды дамыту жайын сөз қылды.

Түркия Еуропа мен Азияны жалғап отырған алтын көпір. Төрт жағынан төрт теңіз жағасын шайып отыр. Кіші Азия түбегіндегі мемлекеттің халық саны 84 миллионнан асып жығылады. Өндірісі қуатты. Киім-кешек, тамағынан бастап машина жасау саласына дейін мықтап дамыған. Тұрмыстық техниканы өндіру бойынша тіпті әлемдегі жетекші елге айналып отыр. Байрактары бар әскери өндіріс саласының қарымы жайлы айтпаса да түсінікті.

Қазақстан нарығында түркиялық компаниялар белсенді жұмыс істеп жүр. Әсіресе жол құрылысында. Елордадағы көптеген әсем ғимараттардың бой көтеруіне де солар үлес қосты. 30 жылда түрік компаниялары 5 миллиард доллардан астам инвестиция құйған. Қазір құны 6 миллиардқа жуықтайтын 140 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың дені дайын өнім шығаратын кәсіпорындар.

Еркебұлан Сәпиев, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
Қазір бізде көптеген зауыттар іске қосылады. Қазақстанда бұрын өңделмеген, шығарылмаған өндірісті шығаруға мүмкіндік береді. Бұл әрине біздің Қазақстан үшін өте маңызы зор. Қазақстан осы тауарлардың һәм өндірісі, һәм экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.
Мұстафа Варанк, Түркия республикасы Өндіріс және технология министрі:
Президентіміз бұл сапарды асыға күтті. Түркі Әлеміндегі қос елдің ынтымақтастығы баршаға үлгі. Бүгін экономика саласында маңызды келісімдер жасалады. Сондай-ақ, әріптес министрмен кездестік. Екі елдің технопарктары арасында өзара ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойдық. Мамандарымыз тәжірбие алмасып, жұмыс жүргізеді. Әсіресе, IT және цифровизация саласында ынтымақтастық нығайтуға бағытталған хаттамаға қол коямыз.
Ресей мен Украина қақтығысының салқынын Түркия да, Қазақстан да сезініп отыр. Ауыл шаруашылығы, қаржы, көлік-логистика саласында қиындықтар туындады. Енді жаңа бағыттар іздеп, бұрын басқа жақтан сатып алып жүрген тауарларды бір-бірімізден алған қос тарапқа да тиімді болары сөзсіз. Бұл орайда Түркия Қазақстан арқылы Кеден Одағы мен Қытай нарығына шығуға мүдделі. Ал Қазақстан үшін Түркия жерорта теңізіне шығатын төте жол.

Фуат Октай, Түркия республикасының вице-президенті:
Екі мемлекет басшыларының министрлер кабинетімен бірге бір елдің үкімет мүшелері секілді жоғары деңгейде кездесу өткізуі қарым-қатынасымыздың қаншалықты жоғары деңгейде екендігін білдіреді. Бұған дейін арадағы сауда көлемін он миллиард долларға жеткізу туралы меже қойған болатынбыз. Қазір соның жартысын еңсердік.
Түркия Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің қатарына кіреді. Екі ел арасындағы алыс-беріс былтыр 5 миллиард долларға жуықтады. Енді таяу жылдары сауда-саттықты он миллиардқа жеткізу міндеті тұр. Осы орайда бүгін екі тарап байланысты бекемдеп, елдердің қарым-қатынасына жаңа тыныс беретін 15 түрлі құжатқа қол қойды. Бастысы президенттер кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы құжатты бекітті. Бұны қазақ-түрік байланысының жаңа белесі деп ауыз толтырып айтуыға әбден болады.

Хабарламаларға жазылу