Жалпыхалықтық референдум өтетін күн белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалпыхалықтық референдум өтетін күн белгілі болды

08.05.2022

Жалпыхалықтық референдум өтетін күн белгілі болды. Президент тиісті жарлыққа қол қойды. Сонымен Ата заңымызға қатысты саяси шешімге маусымның 5-і келеміз. Бейсенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасап, былай деп мәлімдеді: «Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс. Барлық дамыған елде плебисцит тікелей халық билігінің айқын көрінісі саналады. Бірақ Қазақстанда демократияның бұл тиімді институтының әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отыр». Ал жұма күні Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Реформа бойынша жұмыс тобы конституцияның үштен бірін өзгертуді ұсынып отыр. Сондықтан олардың бәрін жіті оқып шығып, маусымның 5-і күні өз үніңізді қоса аласыз. Референдум кезінде жекелеген баптар бойынша дауыс бермейсіз. Тек «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылады. Соған «иә, не жоқ» деп жауап беру керек. 

Хабарламаларға жазылу