Ата заңда Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты норма болмайды. Жұмыс тобы конституциялық кеңеске бұндай норманы алып тастау туралы қосымша өтініш жіберген. Кеңес өтінішті мақұлдап, шешім шығарды. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты мәселе референдумда көтеруде болмайтын сұрақтар тізімінен де алынып тасталды.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы заң» жойылатыны бұған дейін белгілі болған. Енді қоғамда қызу талға түскен Тұңғыш Президент Қазақстанның негізін салушы деген норма да Ата заңда жазылмайтын болды.
Жұмыс тобының кейбір мүшелерінің ұсынысын ескере отырып, Конституциялық Кеңеске Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты норманы алып тастау туралы қосымша өтініш жіберілген еді. Жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, Тұңғыш Президенттің тарихи рөлі жұртшылыққа аян және Конституцияда бөлек бекітуді қажет етпейді. Конституциялық Кеңес ұсынылған түзетулердің барлық тармағын Ата Заңға сәйкес деп қорытынды жасады.
Сарапшылар Тұңғыш Президенттің статусын қалдырайық деген ұсыныстар да болғанын айтады. Бірақ биліктің иесі халық болғасын бұл норма қабылданғанбаған. Енді Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты тек экс-президент деген анықтама жүрмек.
Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры:
Тұңғыш Президенттің барлық статустарын жұмыс тобы алып тастады. Неге себебі әділеттік принциптары, теңдік принциптары конституцияда бірінші орында тұр. Заң алдында бәрі де тең. Соған біз келтірдік. Тұңғыш Президент президенттігінен кетсе, ол экс-президент.
Референдум туралы заңға түзету енгізілді
Конституциялық кеңес осындай шешім шығарған соң, референдум туралы заңға да түзетулер енгізілді. Бүгін Сенат тұңғыш президент туралы норманы алып тастап, заң жобасын мәжіліске кері қайтарды. Ал мәжіліс отырысына қатысқан 96 депутаттың барлығы бір ауыздан өзгертуге қолдау білдірді. Осылайша тұңғыш президент мәртебесіне қатысты мәселе референдумда көтеруге болмайтын сұрақтар тізімінен де алынып тасталды.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ол мәселені референдумға қою үшін референдум туралы заңдағы елбасына қатысты нормаларды алып тастау керек. Себебі референдум туралы заңда елбасына қатысты нормалар референдумға шығарылмайды деген. Енді соны шығару үшін біз мәжілісте сол норманы алып тастадық.
Заңда бүгінгі қоғам талабына сай келмейтін тұстар болуы мүмкін. Оларды міндетті түрде түзету керек дейді депутаттар. Графика: Конституциялық кеңес мемлекет басшысының өтініш бойынша да шешім қабылдаған. Кеңес саяси реформалар конституцияда белгіленген талаптарға сәйкес деді. Қалай болғанда да 1995 жылдан бері саяси реформалар алғаш рет халықтың талқылауына түседі. Соңғы сөз де халықтың еншісінде. Қолдаса осы өзгертулер енгізіледі, жоқ десе, ескі ата заң күшінде қалады.
Саламат Омаш