Бүгін - Ораза айт мейрамы (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Ораза айт мейрамы (толығырақ)

28.07.2014
Бүгін - Ораза айт мейрамы (толығырақ)

Бүгін таң атысымен мешітке жиналған жұрт дұға етіп, елдің амандығын сұрап жатты. Бірлік пен ынтымаққа, бауырмалдылық пен кешірімге үгіттейтін тамаша күнде бірін-бірі қонақ қылып үйіне шақырып, шат-шадыман күй кешуде.

Бұл - ынтымақ, татулық, мейірім мерекесі. Дін мен дәстүр біте қайнасқан елімізде Ораза айт мерекесі ерекше тойлануда.

Бұл күні Астана қаласындағы үш мешіттің ауласында киіз үйлер тігіліп, спорттық жарыстар ұйымдастырылды, ұлттық ойындар дәріптелді.

 Қала тұрғындары мен  қонақтарына қымыз бен қымыран, бауырсақ пен тәтті нан үлестірілді.

Қуат Ерғалиұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы:

Бүгін - ерекше күн. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен биылғы жыл «Дін мен дәстүр» жылы деп белгіленген. Қазақстандағы барлық мешіттердің жанынан киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар дәріптеліп жатыр.

Күн құбылып тұрса да, көңіл-күйге әсер ете қоймады. Қызықты ойындар жалғасты, ел қуанып тойлады. Жастар арқан тартысты, кір тасын көтерді, білек күшін сынады.

Осынау кереметке куә болған Астана қаласының қонақтары мен тұрғындары Ұлттық арна арқылы тілектерін жолдады.

Халық пікірі:

- Елге тыныштық тілеймін. Аспанымыз ашық болсын!

- Барша қазақ халқы тойлап жатырмыз. Осындай той көп болсын!

- Мейрам баршаларыңызға құтты және берекелі болсын! Елбасына амандық, отбасыларыңызға береке, істеріңізге табыс тілеймін!

Ұйымдастырылған шарада әсіресе, асық ойыны қызықты өтті.

Руслан Жылқыбай, тілші:

Бүгінгі Ораза айт мерекесінде «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұжымы ұйымдастырған шарада ұлттық ойындарымыз дәріптеліп жатыр.  

Халықтың көңілін көтерген Ораза айт мерекесінде қайырымдылық шарасы да ұмыт қалған жоқ. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға киім-кешек үлестірілді.

Биыл қолға алынған игі бастама алдағы жылдары  жалғасын табатын болады.

Руслан ЖЫЛҚЫБАЙ

Хабарламаларға жазылу