Басты Жаңалықтар Ақмола облысында өрттен төрт адам көз жұмды

Ақмола облысында өрттен төрт адам көз жұмды

Ақмола облысында өрттен төрт адам көз жұмды. Красный Яр ауылында екі қабатты үйдегі бір пәтер түнгі сағат 4 шамасында отқа оранған. Оқиға орнында төрт адамның денесі табылды. Барлығы бір отбасының мүшелері. Олар 1991 және 1993 жылы туған ерлі-зайыптылар мен олардың екі баласы. Өрт сөндірушілер келгенше, баспанадан екі адам шығып үлгерген. Алдын-ала болжам бойынша өрттің шығуына электр сымдарының тұйықталуы себеп болған.

Сондай-ақ, бүгін Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында бес қабатты үй өртенді. Оқиға кеше кешке болған.

Абырой болғанда адамдар аман. Алайда, құтқарушылар түтін ортасында қалған 4 адамды құтқарды. Оның екеуі бала, екеуі қарт кісі. Сондай-ақ, 50 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиға орнына екі арнайы көлік пен 8 маман тез арада жетті. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, екінші қабаттағы пәтерлердің бірі өртеніп, 50 шаршы метр аумақ жанған. Көк түтін көрші пәтерлерге тарап, адамдар өміріне қауіп төндірген. Қазір оқиғаның себеп-салдары тексеріліп жатыр.


Бөлісу