Референдум – демократиялық мемлекеттің ең басты көрінісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Референдум – демократиялық мемлекеттің ең басты көрінісі

30.04.2022

Әр азамат елдегі саяси оқиғаларға белсенді араласуы қажет. Алматылық сарапшылар республикалық референдумның маңыздылығы мен қажеттілігі туралы ой бөлісті.

Бұл өзгерістерден халық ұтады. Себебі Президент бастамаларының бүгінгі принципі – демократияны тереңдету, барынша ашық қоғам құру. Саясаттанушы Мақсат Жақаудың сөзінше, ендігі міндет – халықтың саяси мәдениеті мен белсенділігін арттыру.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

Елімізде 27 жыл бойы саяси процестерді жүзеге асыруда халықпен санасқан жоқ. Мұның барлығы Парламент қабырғаларында, Палаталардың біріккен отырысында ғана бекітіліп өткен болатын. Сондықтан дамыған мемлекеттердің үрдісінде бұл халықтық референдум өте орынды және дұрыс обьективті бағамен жүзеге асырылады.

«Реформалардың дер кезінде әрі сапалы жүзеге асуы үшін мемлекет тұтастығын сақтау маңызды. Ұлт болып ұйысқанда кез келген қиындықты қайыспай, біртұтас ел болып еңсереміз»,- дейді жазушы Смағұл Елубаев.

Смағұл Елубаев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

«Қаңтар оқиғасы» біздің елімізде шапшаң өзгерістер, Конституциялық өзгерістер қажет екенін күн тәртібіне бірден шығарды. Мемлекет тағдырына тікелей, түбегейлі әсер ететін өзгерістердің референдумға шығарылуы дұрыс шешім деп білеміз.

Жаңа Қазақстанның бүгінгі әрі басты бағыты айқын. Референдум халық мүддесінің жоғарылай түсетінін айғақтайды.

Алуа Саламатқызы, заң ғылымдарының докторы:

Жан-жақты өзгерістердің барлығы халықтың алдынан өтуі керек. Сондықтан референдум деген – бұл демократиялық мемлекеттің ең басты көрінісі. Қазақстанда өзгерістер әр адамға керек. Сондықтан осы референдумға бәріміз бір ауыздан қатысуымыз керек.

Соның нәтижесінде ел өмірін өзгертуге деген тың серпіліс, құлшыныс оянады. Әрі кез келген азаматтың ұтымды ұсынысы мен пайымды пікірі ескеріледі. Бұл, бірінші кезекте, қоғамды дамыту жүйесінің жаңғыруы деген сөз.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу