Елдегі биологиялық зертханларда қару-жарақ жасалмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі биологиялық зертханларда қару-жарақ жасалмайды

28.04.2022

Елдегі биологиялық зертханларда қару-жарақ жасалмайды. Сенаторлар алып-қашпа әңгімелерге заңмен дәлел келтірді. Бүгін сенатта биологиялық қауіпсіздік саласына қатысты заң жобасы қаралды. Құжатта кәсіп иелерін сауықтыруға берілетін жәрдемақы көлемін көбейту көзделген. Себебі, ұжым қатерлі био-агенттермен жұмыс істейді. Жалпы заң жобасы биологиялық қауіпсіздікке стратегиялық әрі ғылыми тұрғыдан мән береді.

Алдымен шетелдік саясаткерлердің сандырағына жауап берілді. Елдегі BSL-3 биологиялық зертханалары басқаның бақылауындағы әскери-биологиялық нысан деу негізсіз. Онда аса қауіпті патоген микро-организмдерге қарсы диагностикалық және профилактикалық препараттарды әзірленеді. Нысан Қазақстанның меншігі. Шетелдік гранттар берілмейді, шетелдік ғалымдар жұмыс істемейді. Респбуликалық бюджеттен қаржыланады. Маңыздысы – жұмысы ашық. Халықаралық сарапшылар қалаған уақытында тексере алады.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
Биологиялық, бактериологиялық, токсиндік қару-жараққа қарсы сондай конвенцияға біз қатысамыз. Төртінші тармағы бар бұл заңның сонда тағы да кіргізіп отырмыз. Қазақстанда биологиялық зертханаларда ешқандай биологиялық қару-жарақ жасалмайды.

Коронавирус тосыннан төніп, тосырқатып тастады. Өткенге үңілсе өкінер тұс көп. Бірақ, енді тас түйін болу ләзім. Соққыдан сабақ алған соң алғаш рет биологиялық қауіпсіздік заңы қабылданды. Енді жұқпалы ауруларға қарсы дәрілердің қоры әзірленеді. Өзге өндірушілерге тәуелді болмау керек. Препаратпен бірге кадрлар даярлау да маңызды. Қыл үстінде жүріп қызмет ететін мамандардың жалақысы артады.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Биологиялық агенттермен жұмыс істейтін лабароториядағы мамандарымыз қазіргі таңда 80-100 мың теңге еңбек ақы алады. Осы заң бойынша қатерлі био агенттермен жұмыс істейтін бейінді маман иелерінің жалақысы екі рет көтеріледі.

Зертханалық әрі ғылыми зерттеулер, заманауи технологияларды сатып алу, диагностикалық қондырғылар жағы да құжатта қамтылған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
Алдағы уақытта осы құжаттар елімізде биологиялық қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк реттеудiң құқықтық негiздерiн қалыптастыруға, биологиялық қауіп-қатерді болжауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді деп сенеміз.

I топтағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істейтін орталықтар қауіпті стратегиялық нысан саналады. Ал ол жерден уытты заттарды заңсыз қолданып, ұрлағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу