Елімізде инженерлік-техникалық мамандықтарға сұраныс артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде инженерлік-техникалық мамандықтарға сұраныс артты

27.04.2022

Елімізде инженерлік-техникалық мамандарға басымдық беріле бастады. Шетелге шығып, тәжірибелерін жинаймын деген талапты мамандардың саны да өскен. Бұл салада қызмет етіп жатқан кәсіп иелерінің алдында қандай мүмкіндіктер ашылды? Олардың жоспары қандай? Тақырыпты Ламбриан Топузидис зерттеп көрді.

Найля Бакушева – өндірістік эколог. Болашақ бағдарламасымен оқып келу оның көптен бері ойлап жүрген мақсаты. Бір жылдық тағылымдама инженерлік-техникалық мамандарға тың серпіліс беретініне еш күмәні жоқ.

Найля Бакушева, эколог:
Ауаның, судың, топырақтың құрамының тазалығы, яғни кез-келген технологияны енгізген уақытта экологтың өзінің талаптары бар. Сол заңмен шектелген. Сондықтан да кез келген өндірістік маман үшін заманауи экологиялық талаптарды білу және соның нәтижесін көрсету маңызды деп ойлаймын.
Геолог Дәурен Қайсар жол салатын компаниялардан тапсырыс алып жұмыс істейді. Құмтас, қиыршық тас жатқан қорларды барлаумен және бұрғылаумен айналысады. Алайда, қолданыста жүрген технологиялардың тым ескіргенін айтады.

Дәурен Қайсар, геолог:
Біз өткен заманның, өткен ғасырдың технологияларын пайдаланамыз. Қорларды салуда кеңес дәуірінен келе жатқан әдістемелерді қолданамыз. Енді тағылымдамадан өтудің бірден-бір басты мүмкіншілігі бізге беретін бұл жаңа әдістерді қолданады, жаңа бұрғылау әдістері.
Бір жылдық тағылымдама техникалық мамандарға әлемдегі жетекші техникалық жоғары оқу орны мен ғылыми орталықтарда соны әдістер мен технологиялардың қыр-сырын жетік меңгеруге мүмкіндік береді. IELTS емтиханынан өту шегі де 5 ұпайға төмендетілді.

Әнуар Жанғозин, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының президенті:
Оларға тілдік курстар өту үшін алты ай емес, енді бір жыл берілетін болады. Соның ішінде тоғыз ай Қазақстанда, ал үш ай шетелде.
Осылайша, халықаралық орталық техникалық мамандардың үлесін 60 пайызға ұлғайтуды көздейді. Олардың арасында IT саласының мамандары да жоқ емес. Алайда, отандық IT стартаптар ішкі нарықтың қажеттілігін ғана өтейді.

Арман Әбдірасылов, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингінің АҚ» басқарма төрағасы:
Біздің IT жобаларымыз, IT стартаптарымыз қазақстандық мәселелерді шешу үшін жасалған. Бірақ дүниежүзінде ол мәселе емес. Ол дүниежүзінде баяғыда шешіліп кеткен мәселе немесе ол мәселе емес. Сондықтан біз кең қарау керекпіз.
Сондай-ақ, елімізде инженерлік-техникалық мамандарды даярлайтын кадрлық база да жасалмақ. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Үкімет отырысында айтты. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жасайтын жоба аясында жергілікті қызметкерлер алдыңғы қатарлы шетелдік кәсіпорындар мен ұйымдарға тағылымдамаға жіберіледі.

Талғат Қалиев, саясаттанушы:
Алдымен идея пайда болады, содан кейін ғана-ақ техника шыға келеді. Техникалық мамандар болуы керек, сосын гуманитарлық мамандықтар бірдей дамып отыруы керек. Тек сол кезде ғана олар синергия береді бір-біріне.
Ламбриан Топузидис

Хабарламаларға жазылу