«Balapan» телеарнасын сүйіп көретін қырғызстандық балалар қазақша сөйлеп үйренді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Balapan» телеарнасын сүйіп көретін қырғызстандық балалар қазақша сөйлеп үйренді

22.04.2022

«Balapan» телеарнасын сүйіп көретін қырғызстандық балалар қазақша сөйлеп үйренді. Солардың бірі - қырғыз депутатының балалары. Бүлдіршіндерінің қазақ тілге бейім болғанын байқаған Нұржігіт Қадырбеков өз пікірін Жоғарғы кеңес отырысында білдірген еді. Сол жақтағы арнайы түсірілім топ депуттатың отбасына барып, бүлдіршіндермен тілдесті.

Байна Қадырбекова 6 жаста. «Balapan» телеарнасының көреремені. Үйдегі ханшайымдар да арнаны үзбей көреді. Бағдарламаларды жатқа біледі. Қазір тіпті қазақ тілінде емін еркін сөйлейтін деңгейге жеткен.

Эмирай Қадырбекова:
Мен «Balapan» телеарнасын 2021 жылдан бастап көрдім. Содан кейін сөйлесуді үйрендім. Маған бағдарламалары қатты ұнайды. Мысалы, «Тоқты мен Серке». «Тентек» «Караоке» ұнайды.
Нұржана Шермаматова:
Жақсы көретін мультфилімім «Әл-Фараби», «Тентек» және «Караоке».

Немерелерінің таңдауын әжесі де қолдаған. Өйткені, мұндағы тәрбиелік мәні бар жобалар үлкендердің де көңілінен шыққан.

Сусаркан Шеккеева, Бішкек қаласының тұрғыны:
Бұл каналды өздері таңдап көріп жүр. Қазақша сөйлегендерін байқап қалдым. Мен де қызығып көрсем шындығында жақсы екен. Ертеден кешке қазақ тілінде сөйлейді. Тәрбиелік мәнісі де шоң екен.

Нұржігіт Қадырбеков балаларының «Balapan»-ды көріп қазақша сөйлегеніне қарсы емес. Тек Жоғарғы кеңес отырысында Қырғыз тілінде хабар беретін балалар арнасы болса, деген ұсынысын білдірген. Дегенмен, депутат мемлекеттік тілде хабар таратып, балалардың жүрегін жаулаған «Balapan» арнасының қызметіне жоғары баға берді.

Нұржігіт Қадырбеков, Қырғызстанның жоғарғы кеңесінің депутаты:
«Balapan» - бұл ең мықты канал. Балалардың психологиясын еске алып даярланған. Контенті әбден бай. Жағымды. Тәлім-тәрбие, балаларға тарихты үйретіп отырған бағдарламалар бар.

Тек Қадырбековтар отбасы ғана емес, Қырғыз елімен шекаралас аймақтардағы ауылдар да «Balapan» арнасын бала-шағасымен үзбей көреді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ тәрбиесі үшін қызмет еткен Ұлттық арнаның отауы - Тұңғыш балалар телеарнасының ашылғанына биыл 12 жыл. Қазақстанмен қатар, шекаралас мемлекеттердің онлайн тамашалауына мүмкіндік бар. Осы уақытқа дейін арна 302 тележоба, 21 телехикая және жалпы бөлім саны 3 мыңға жуық 103 анимациялық жоба жасап шығарған.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу