БҰҰ: 5 млн украиналық елден бас сауғалаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ: 5 млн украиналық елден бас сауғалаған

22.04.2022

БҰҰ хабарлауынша шет елге бас сауғалаған Украина азаматтарының саны 5 млн адамнан асқан. Оның басым бөлігі балалар мен әйелдер. 18 бен 60-қа дейінгі ер азаматтарға елден шығуға рұқсат жоқ. Испанияның Мадрид пен Барселонасы өздеріне ағылған босқындарды бір ай бойы қабылдап, қарсы алып жатыр. Қазір сол елде жүрген әріптесім Аида Әбіл Барселодан бізбен тікелей байланысқа шығып тұр. Аида, испаниялықтар босқындарды қалай қабылдап жатыр?

Аида Әбіл , тілші:

Испания үкіметі Халықаралық «Қызыл крест» ұйымымен күш біріктіріп, украиналық босқындарды бір айдан бері қабылдап жатыр. Жатын үй және тамақпен қамтамасыз етуді әлі де тоқтатқан жоқ. Және бір жылға дейін елде заңды түрде тұрып, осы жақта жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжатты Испания полициясында рәсімдеуге болады. Және ел үкіметі босқындарға медициналық сақтандыруды да ұсынады. Осы жақтағы украиналықтар саны 25 мың адамға жетті.

Аида, босқындар қай жерге орналастырылды және қаржылай көмек көрсетіле ме?

Бір адамға айына 300 еуроға дейін қаржылай көмекті Германия, Нидерланды, Чехия елдері көрсетуде. Ал, Испанияда мұндай қаржылай көмек әзірге қарастырылмаған. Дей тұрғанмен осы жақта жұмыс жасауға мүмкіндік беретін айди, яғни резидент картасын рәсімдеуге болады. Орналасу бойынша өтінішті қызыл крест ұйымына айтса, онда испандықтардың жанұясына бір айға дейін тегін орналастыру жағы қарастырылған.


Хабарламаларға жазылу