Әлемдегі ең ауқатты елдер санатындағы Ұлыбритания халқының айлығы - шайлығына жетпейді. Елдегі әрбір 12-ші тұрғын тұрмысқа қажетті тауарларды несиеге алатын болған. Жұмыссыздардың қатары 5 милллион адамға жетіпті. Бұл - арнамыздың осы елдегі меншікті тілшісі Марина Бекенованың берген ақпараты.
Марина Бекенова, тілші:
Жалпы Біріккен Корольдікте еңбек етуге жарамды болғанымен, мемлекеттік жәрдемақыға ғана күнелтетіндер көп. Олар: жұмыссыздар, науқас адамдар және басқа да экономикалық тұрғыда белсенділігі төмен азаматтар. Ал үкіметтің әлеуметтік осал топтарды қолдау деңгейі төмен болып тұр. Мәселен, елде 1-сәуірден бастап, көгілдір отын мен электр энергиясының бағасы 54 пайызға өсті. Отбасылық бюджеттің басым бөлігі тамақ пен коммуналдық төлемдерді төлеуге кетіп жатыр. Бұл халықтың оннан бір бөлігі, яғни ең кедей топтар үшін инфляция деңгейі алдағы 3 ай ішінде 10,5 пайызға өседі деген сөз. Ал әлеуметтік жәрдемақы көлемі бар болғаны 3,1 пайызға көбеймек.
Риши Сунак, Ұлыбритания қаржы министрі:
Бір де бір үкімет проблема атаулыны түгел шеше алмайды. Әсіресе жаһандық инфляциямен күрес кезінде. Бұл менің бақылауымнан тыс дүние. Біз тек жұмыс істейтіндердің табыс салығының базалық мөлшерлемесін азайта аламыз.
Лондон университеттік колледжі жүргізген әлеуметтік зерттеуге сәйкес халықтың басым көпшілігі бұрынғыдай денсаулығына емес, қаржылық жағдайына алаңдаулы. Сауалнамаға қатысқан халықтың 38 пайызын ақшасыз қаламын ба деген ой жиі мазалайды. Он жылға созылған жаһандық қаржы дағдарысы, Брексит және пандемияға енді Украинадағы жағдай қосылып, осал әлеуметтік топтарға қауіп төніп отыр, дейді Кедейшілікпен күрес жөніндегі кампания өкілдері.
Марина Бекенова