Қарағанды облысында 100 мың гектар алқап игерілмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 100 мың гектар алқап игерілмеген

20.04.2022

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 100 мың гектарға жуық ауылшаруашылық жері ұзақ жылдар бойы игерілмей келген. Төрт түлік үшін шұрайлы, егістікке қолайлы алқаптардың көбі ықпалды адамдардың еншісінде болған. Енді оны сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарып, мұқтаж шаруаларға үлестіру керек. Алайда, оған кедергі көп.

Бүркітті ауылының тұрғыны Ақылбек Қарамурзин 2017 жылы шаруа қожалығын ашқан. Бүгінде 220 гектар жерге арпа егеді. Енді егістік алқабын одан әрі кеңейтіп, шаруашылығын дамытайын десе елді-мекен маңында бос жатқан жер жоқ. Барлығын құрығы ұзындар бөліп алған. Алайда қазір құнарлы жерлер қурап бос жатыр ,-деп қынжылады фермер.

Ақылбек Қарамурзинов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Округта жер жоқ. Үлкен хозяйствалар бар мұнда, 13-15 мыңгектар жерге дейін алған. Уже 5-6 жыл болды, даже одан да көп асып кеткен шығар қолданылмай жатқанына. 1000-1500 гектар ғана салады. Қалған жерлері қолданылмайды, шөп басып жатыр. Алайық десек ол кісілер тапсырмайды мысалы.

Бүгінгі күні Қарқаралы ауданындағы 808 шаруа қожалығының иелігінде 1 миллион 700 мың гектар жер бар. Олардың қаншасы жерді мақсатты пайдаланып отырғанын анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Жер бөлімінің мамандары тексерейін десе, мараторий жарияланған. Оның үстіне біраз жер телімі банктерге кепілге қойылып кетіпті.

Тоқтар Көпжасаров, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары:
Қоянды селолық округінде «Жайма» шаруа қожалығында бүгінгі күнге 53 мың гектар жер кепілдікке қойылып, сол жұмыстарды біз бүгін жүргізіп жатырмыз. Ол шаруашылық бүгінгі күні нақты жұмыс жасап тұрған жоқ. Өзі біздің Қоянды селолық округінде тұрмайды. Ол кісі Павлодар облысының азаматы. Бүгінгі күні біз ол кісіге тек почта арқылы тиісті құжаттарымызды жіберіп отырмыз. Бірақ ол кісіден бүгінгі күнге еш жауап жоқ.

Енді сырттан келген ықпалды адамдар жер ала алмайды, себебі биыл тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Байқау жарияланса, жеңімпаздарды анықтайтын кезде жергілікті қатысушыға басымдық беріледі. Көктас ауылындағы Нұрбол Латипов осы жаңа заңның жемісін көріп отыр.

Нұрбол Латипов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Малдың басы өсіп жатқаннан кейін конкурсқа түсіп, заңды түрде жер бөліміне құжаттарымызды тапсырып, малдың мөлшеріне қарай жер берілді, 3250 гектар. Көлдің жағасында, сол жерде қазір мал ұстап жатырмыз. Шабындық, жайылымдық жер.

Жыл басынан бері аудандағы 97 мың гектар жерге байқау жарияланып, оны жергілікті 56 шаруа қожалығы жеңіп алған. Ал 9 адам игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарған.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу