2030 жылға дейін шағын және орта кәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр
Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен бизнесмендерге 8 миллиард 300 миллион теңге өтемақы төленді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі айтты. Тимур Жақсылықов бизнесті дамытудың тұжырымдамасын таныстырған болатын. Құжатқа сай, 2030 жылға дейін шағын және орта кәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 40 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Тұжырымдама қалай жүзеге асады?
Шағын және орта кәсіп экономиканың драйвері. Қазір жалпы ішкі өнімнің 34 пайызы осы салаға тиесілі. Үш жарым миллион адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сол үшін үкімет президенттің тапсырмасы бойынша кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдасын әзірлеп, бүгін бекітті. Құжатқа сай, бизнеске қойылатын талаптар қайта қаралмақ.
Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
2022 жылдың екінші жартыжылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да салалардағы бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау қамтамасыз етіледі.Осылайша, кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі қалыптастырылып, ол бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді.
Яғни талаптар барынша жеңілдетілмек. Әкімшілік кедергілер жойылады, рұқсат беру құжаттары азайып, бизнестің есеп-қисабын толықтай автоматтандыру, цифрландыру көзделген. Әрі нарықтағы кейбір кәсіпкерлерге заңсыз артықшылықтар беріп отырған заңнамалық актілердің күші жойылады. Өйткені бұл монополияға жол ашып, бизнесті тұншықтырады. Әрі бұдан өзге де мәселе жетеді. Сол үшін Атамекен палатасында арнайы алаң құрылған. Түрлі түйіткілдер сонда талқыланып, шешімін табады.
Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
Бизнестен 254 сұрақ келіп түсті. Қазір аталған алаң деңгейінде 96 мәселе талқыланып, оның 20-сы шешілген, қалған мәселелер салалық министрліктермен және басқа да уәкілетті органдармен пысықталуда.
Әрі мемлекттік қолдау яғни, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» секілді бағдарламалар жалғасады. Мұндай шаралар 2030 жылға дейін экономикалық оң өзгерістер әкеледі деді премьер. Яғни салада еңбек ететін адамдар санын 5 миллионға жеткізу межесі тұр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Сондай-ақ, 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 40 процентке, жалпы ішкі өнімдегі орташа компаниялардың үлесін 20 процентке дейін арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтарға кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыруға тиісті жағдай жасап, ашық әрі адал бизнес жүргізгенде ғана аталған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болады.
Досжан Маратұлы, тілші:
Бұдан бөлек Үкіметте қаңтар оқиғасы кезінде 1600-ден астам шағын және орта бизнеске залал келгені айтылды. Шығын көлемі 38 миллиард теңге. Қазір бизнесмендердің басым бөлігі 8 миллиард 300 миллион теңге өтемақы алдыі. Қалған кәсіпкерлердің шығын көлемі көп. Сол үшін есептеу, сараптама жасау секілді процестер әлі жүріп жатыр. Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша бір-бір жарым айда өтемақы төлеу жұмыстары аяқталуы тиіс.
Досжан Маратұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы