Президент елшілерден сенім грамотасын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент елшілерден сенім грамотасын қабылдады

19.04.2022

Әлем қазір соңғы отыз жыл ішіндегі ең күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуалды бастан өткеріп жатыр. Біздің еліміз қақтығыстарды тез әрі әділ түрде шешілетініне үміт артады. Бұл туралы Ақордада елшілерден сенім грамотасын қабылдаған Мемлекет басшысы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев шара барысында еліміздегі кешенді реформаларға да тоқталып, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты деді

Елдестірмек елшіден. Еларалық ынтымақтың ырысты болуы елшілерге байланысты. Ақордаға бүгін Куба мен Бангладеш, Доминикан, Аргентина, Перу, Нигерия, Лаос, Чад, Руанда, Бенин жалпы саны 10 бірдей мемлекеттің елшілері келді. Олар ең әуелі көк байраққа құрмет көрсетті.

Әр құрлықта орналасқан бұл елдер Қазақстаннан алыс жатыр. Алайда жахандану заманында алыс-жақын деген түсінік жоқ. Елшілерден сенім грамотасын қабылдаған Мемлекет басшысы жер-жихандағы ахуалға тоқталды. Пандемия мен қатар халықаралық қатынастың шиеленісуі әлемнің дамуына кері әсер етіп отыр. Бұл орайда Қазақстанның ұстанымы айқын. Қақтығыстар Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес шешілуі керек. Президент елімізде жүрігізіліп жатқан реформаларға да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне өткенімізді жариялап, мемлекеттік билікті бұрын-соңды болмаған орталықсыздандыруға, үйлесімді және тепе-теңдік жүйесін нығайтуға кірістік.

Шетелдік инвесторлар мен сауда серіктестерінің Қазақстанға деген сеніміне селкеу түспеуі керек. Президент елшілерге қарата айтқан сөзінде осыны меңзеді. Қазіргі жүргізіліп жатқан саясаттың басым бағыттарының бірі бұл.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің Үкімет ұлттық экономиканың ашықтығына, келісімшарттарға қол сұғылмауына және жемқорлықпен аяусыз күреске бейілділігін сақтайды. Бұл реформалар халқымыздың тарихындағы бетбұрыс кезеңді білдіреді. Біз тұралап қалу емес, қарқынды даму жолын таңдаймыз.

Қазақстан қашан да барлық елмен достық қарым-қатынас орнатуға пейілді. Дипломаттар да мемлекеттер арасындағы байланысты бекемдеуге барын салмақ.

Франк Ганс Данненберг Кастельянос, Доминикан Республикасының елшісі:

Біз үшін бүгін ерекше оқиға. Себебі мен Доминикан мемлекетінің Қазақстандағы алғашқы елшісімін. Елдеріміз арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Қазақстан біз үшін Орталық Азияның нарығына жол ашатын мемлекет. Сондықтан әріптестігімізді одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз.

Эдуардо Антонио Зуайн, Аргентина Республикасының елшісі:

Аргентина мен Қазақстан халқының ұқсас тұстары өте көп. Сол себепті көптеген ортақ жобаларды жүзеге асыруға күш саламыз.

Жиын соңында Қазақ Президенті елшілерге табыс тілеп, екіжақты серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу