Қазақстанның жеке сәйкестендіру нөмірін алған ресейліктер саны күрт артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның жеке сәйкестендіру нөмірін алған ресейліктер саны күрт артқан

17.04.2022

Украинада жағдай әлі де ушығып тұр. Ал Қазақстан мигранттар еліне айналып кетуі мүмкін бе? Ішкі істер министрлігі мынадай мәлімет жариялады. Қазақстанның жеке сәйкестендіру нөмірін алған ресейліктер саны күрт артқан екен. Әсіресе наурыз айында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 14 есе көбейген. Өткен аптада ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биылғы ақпанның 24-нен бастап 12 мыңға жуық Ресей мен Беларус резиденті Қазақстан банктерінде шот ашқанын мәлімдеген еді. Осылайша, бізде шот ашқан екі ел азаматтарының саны 162 мыңға жеткен. Сонымен,көрші елдерден келе жатқан көштің мақсаты не? Олар расымен, көп пе? Әлде бұл жылдағы қалыпты жағдай ма? Данияр Қайыртайдың репортажы. 

Ән айту– Всеволод пен Анастасияның хоббиі. Әйтпесе бірі – IT маманы, екіншісі – кәсіби фотограф. Ресейдің Екатеринбург қаласында осы салаларда қызмет еткен. Ал бір ай бұрын бәрін тастап Қазақстан астанасына көшіп келді. Санкциялар мәжбүрледі.

Всеволод Рычков, Ресей азаматы, мигрант:
Өз қаламызда көшіп-қонып үйренгендіктен,адамды күйзелтетін шаруа екенін білеміз. Ал осы көшкенде тіпті есеңгіреп қалдық. Көп нәрседен бас тартуымызға тура келді. Белгісіздік, яғни келешекте не боларын білмеуелден кетуге итермеледі. Енді қашан қайтып баратынымыз да белгісіз.

Жиған-терген ақшамыз да жоқ, бөтен елге екі чемоданымызды ғана арқалап келдік дейді. Әзірге туыстарынан қарыз алып күнелтуге мәжбүр. Екеуі де әлі жұмыс таппаған. Всеволод Қазақстанда жұмыс істейтін еуропалық ІТ-компанияға орналасқысы келеді. Келешекте батыс елінің біріне қоныс аудару үшін.

Анастасия Василаки, Ресей азаматы, мигрант:
Біз шекаралар тарс жабылып, кейін ешқайда шыға алмай қаламыз ба деп қорықтық. Себебі осы геосаяси жағдайға дейін де шет елге көшу жоспарымызда болған. Еуропадан жұмыс іздеп те жүрген едік. Енді осы жоспарымызды Қазақстан арқылы іске асыратын шығармыз.

Всеволод пен Анастасия үш ай Қазақстанда тұруға мүмкіндік беретін уақытша тіркеу қағазын жасатыпты. Банк картасын ашу үшін жеке сәйкестендіру номерін де алған. Наурыз айында осы номерді алған ресейліктер саны 11 мыңға жуықтапты. Бұл былтырғы наурыздан 14 есе көп.

Лесбек Айдашев, ҚР ІІМ көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
ЖСН-ді ниет білдірген кез келген шетелдік ала алады. Адамдардың бұл санатына ЖСН беру жаңалық емес. +00,57 Ол банк шоттарын ашу, қаржылық операциялар жасауға, жылжитын не жылжымайтын мүліктерін тіркеу үшін қажет.
Данияр Қайыртай, тілші:
Қазақстанда тұруға ықтиярхат сұрағандар да көбейген. Былтыр бір тоқсанда 400-дей Ресей азаматынан өтініш түссе, осы жылдың үш айында ондай өтініш саны 1 мыңға жеткен. Ал жалпы 24 ақпаннан бері шекара кесіп өткен ресейліктер саны 130 мыңнан асады.120 мыңы жеке шаруамен жүргендіктен көп ұзамай кері қайтқан. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе көп. Бірақ ол кезде пандемияға байланысты құрлық шекарасы жабық еді.
Ерболат Абулхатин, ҚР ЕХӘҚМ еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:
Былтырғы кезбен салыстыруға болмайды, сол кезден көбейіп кетті деп. Ал пандемияға дейін 18-19 жылдары миллионнан астам азамат келіп-кетіп жататын. Әсіресе шекаралас аймақтардың азаматы. +01,15 10 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда уақытша тұруға қағаз алған 14 мыңнан астам РФ азаматы бар. Оның 8 721 жұмыс істеуге келді.

Былтыр осы мерзімде жұмыс істеуге 7 мыңдай ресейлік келіпті. Еңбек миграциясына ынталы азаматтар көбейгенін жұмыс табуға көмектесетін компаниядағылар да айтып отыр.

Әлия Құлмағамбетова, «ELITE» кадр холдингінің персонал таңдау бойынша маманы:
Түсіп жатқан резюме 15 пайыз артты. Олардың көбісі Ресей азаматтары. Шамамен, күніне Ресей, Украина азаматтарынан 5-10 резюме түсіп жатыр. Егер ақпан айынан санасақ, 300-дей резюме түсті.

Бұл компания жақында ресейлік стоматологқа Қазақстаннан жұмыс тауып беріпті. Алайда түйіндеменің көбі – ІТ мамандарынан түседі екен.

Әлия Құлмағамбетова, «ELITE» кадр холдингінің персонал таңдау бойынша маманы:
Көбінесе жоғары білімі бар, 3-5 жыл жұмыс тәжірибесі бар білікті мамандар. Олардың ішінде айтишниктер басым. +Одан кейін қашықтан жұмыс істейтін азаматтар. Диджитал саласының қызметкерлері, дизайнерлер, СММ-қызметкерлері, репетиторлар әртүрлі саладағы.

Қазақстанда шетелдік компаниялар да көбейген. Өткен айда 571 заңды тұлға тіркеліпті. Айталық, танымал такси агрегаторы inDriver Алматыда кеңсе ашатыны туралы ақпарат бар. Сол сияқты Беларусь азаматы Олег Липуновта ІТ саласында жұмыс істейтін компаниясын көшіріп әкеліпті. АҚШ, Ұлыбритания және өзге де еуропа елдерінен аутсорс негізінде тапсырыс қабылдайды. Компаниясын осы аймақта дамытуды бұрыннан ойластырып жүріпті. Беларусияға салынған батыс санкциялары бұл шешімді жеделдеткен.

Олег Липунов, Беларусь азаматы,мигрант:
Қазақстанда қандай да бір санкциялық қысымның жоқтығы – таңдау жасауымдағы негізгі факторлардың бірі. Бейтарап мемлекет. Оның үстіне Астана хаб ұсынған шарт та ұнады.

Астана Хаб халықаралық технопаркі кейінгі екі айда Ресей, Украина, Беларусияның 700-ден астам компаниясына релокация жөнінде кеңес берген.

Жансая Қалыбекова, «Astana hub» қатысушыларды қолдау офисінің бас менеджері:
Үш-төрт компания Ресей, Беларусия, Украина елдерінен келді, осы екі ай аралығында. Оларға біздің жағдайлар, салыстырмалы түрде, ыңғайлырақ, қолайлы болып келеді. Мысалы, ең басты жеңілдіктердің, мүмкіншіліктердің бірі – салықтан босатылады ІТ-компаниялар. Сосын егер шет елден жұмыс күшін тартамыз десе, экспат дейді ғой, онда жеңілдетілген тәртіппен тарта алады және жұмыс визасы 3 емес, 5 жылға беріледі.

Кейінгі екі ай Ресейде қара жұмыс істейтін Орталық Азия азаматтарына да ауыр соқты. Кейбірі жұмысынан айырылып қалды. Кейбіреуінің табысы азайған. Бес жылдан бері Мәскеуде еңбек етіп жүрген Болот Нурбеков қазір Қырғызстандағыотбасына жіберетіндей ақша таппайтынын айтады.

Болот Нурбеков, курьер, Қырғызстан азаматы:
Қазір тапсырыс азайып кетті. Міне, 3 сағат болды бос жүргеніме. Бұрын күніне 2-2 жарым мың рубль табатынбыз, қазір 1 мың рубльге де жетпейді. Мәскеуде қалу тиімсіз болып кетті. Енді табыс табу үшін Алматыдан жұмыс іздемек ойым бар.

Ресейдегі еңбек мигранттары Қазақстанғаауа бастайтынын құқық қорғаушы Айна Шорманбаева да айтты.

Айна Шорманбаева, «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымының жетекшісі:
Қазақстанға да келеді. Оған мен сенімдімін. Қазірдің өзінде келіп жатыр. Соны біз құқықтық жолға салуымыз керек ел ретінде. Яғни оларға заңды түрде жұмыс істеуге рұқсат керек. Сонда олар ашық түрде еңбек шартын жасасып, салық төлеп, сонда біз олардың санын да көреміз, бюджетке де ақша түседі, олардың да еңбек құқықтары қорғалады.

Ресей билігі батыс санкциялары, әзірге, еңбек нарығынаайтарлықтай кесірін тигізбегенін айтады. Ал Йель университетінің дерегінше, 750-ден астам шетелдік компания Ресейдегі қызметін тоқтатқан не шектеген. Табыс көзінен айырылғандар қайтіп күн кешетіні белгісіз. Всеволод пен Анастасия секілді «белгісіздіктен» қашқандар шиеленістің бейбіт шешілгенін сырттан отырып тілейді.

Всеволод Рычков, Ресей азаматы, мигрант:
Шиеленіскен екі тараптың әрқайсыөз көзқарасын насихаттайды. Ақиқаты қайсы екені түсініксіз. Не болары да белгісіз. Сондықтан ешкімді жақтағымыз да, даттағымыз да келмейді. Бірақ бұл бізге ауыр тигені рас. Тезірек аяқталғанын қалаймыз.

Бөтен елде олардың сенер ешкімі жоқ. Олар бір-бірінің махаббатына ғана сеніп келген. «Махаббат – әлемді құтқарады» дейді өздері.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу