Сарыағаш ауданындағы Қызылжар тұрғындары көгілдір отынға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағаш ауданындағы Қызылжар тұрғындары көгілдір отынға зәру

16.04.2022

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Қызылжар ауылына үш жыл бұрын газ құбырлары тартылған. Алайда тұрғын үйлер әлі күнге дейін көгілдір отынға қосылмаған. Жергілікті жұрт көмірге деп сақтаған қаражатын мердігерге төлеп тастағанын айтады. Бірақ қыс бойы тағы отын мен көмір тасып шыққан. Құрғақ уәдеден шаршаған жұрттың базынасын өңірлік тілшіміз Айнұр Ақбаева тыңдап қайтты.

Қызылжар ауылындағы төрт жүздей үйдің тұрғыны жергілікті әкімдік «көгілдір отын кіргізіп береміз» деп, жыл сайын уәде беретінін айтады. Тіпті, «отын мен көмір алмаңдар» деген сөздеріне иланып, қамданбаған да. Алайда қыс түссе болды қымбатқа көмір алып, отын тасып әлекке түсеміз деп отыр.

Құрбанкүл Дүйсембиева, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Осы үшінші жыл газ кіргіземіз деді. Жердің астымен кіргіземіз деп жөндеген жолдың быт-шытын шығарып, енді ешнәрсе жоқ. Не су жоқ, не газ жоқ. Ақшаны алып қойған, жекеменшік дейді айтсақ. Біздің күшіміз жетпейді, дейді.

Табиғи газға қолы жетпегендер әр қысты от жағып күнелтеді. Осы ауылдың тұрғыны Гүлзира Тұранқұлова жиырма жылдан бері үйге көмір тасып, күл шығарудан әбден шаршағанын айтады.

Гүлиза Тұранқұлова, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Былтыр аудан әкіміне барғанбыз. Аудан әкімі болды, қол қойылды деп шығарып салған. Оның өзіне бір жыл өтіп бара жатыр. Кешегіде әкімнің алдына барсақ, қайда барсаң, сонда бар деді.

Ал, ауыл әкімі қызметке келгеніме жеті-ақ ай болды деп ақталды. Бірақ Қызылжарға көгілдір отын беру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Әбдіжаппар Рахымбердиев,   Қызылжар ауылының әкімі:
«КазТрансГазАймақ» филиалы бізге әр үйге счет ашып беруі керек. Сол облыстан барып ашылады. 27 үйге газ кіргізсек, қалғанының барлығы түгел кіреді. Биыл жарты жыл ішінде барлық үйді газдандырып тастаймыз.

Ауыл тұрғындарымен кездесуге келген салаға жауапты мамандар елдімекенге газ беру былтыр енгізілген мараторийге байланысты тоқтап қалғанын айтады. Жыл басынан бұл мараторий алынып тасталып, «Қазтрансгазаймақ» мемекесі тарапынан құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Жауаптылардың айтқаны рас болса, жазға дейін көгілдір отынның мәселесі шешімін табуы мүмкін.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу